Нейзи атты тазымның басынан Франция президенті сипаған - Абзал Досыман
Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолындағы Ронни атты тазыны да осы жігіт сыйға тартқан
Ежелден саятшылық құрған қазақтың сенімді серігі – тазының қадірі артып, қатары көбейіп келеді. Қазір асыл өнеріміз ұлықталып, тазыны әлем тани бастады.
Жалпы, қазақы тазының жарғақ және шашақ құлақты деген екі түрі бар. Соның шашаққұлақтыларын көбейтіп жатқан саятшының бірі – Nomad ұлттық аңшылық клубының жетекшісі Абзал Досыман.
Еске сала кетсек, елордадағы көрмеде Франция мен Түркия президенттерін тәнті еткен ит осы Абзал Досыманның 4 қар басқан Нейзи атты тазысы болатын.
Бұл Нейзидің басынан Франция мемлекетінің басшысы Макрон сипаған. Қазір енді Макронда да мемлекет басшысы сыйлаған қазақтың екі тазысы бар. Ол екі тазы – Жанна мен Жюльдің Нейзимен линиялары бір. Олар да жарғаққұлақты, түстері де бір. Біріншіден, Нейзидің психикасы түзу, жаман қылықтары жоқ. Тостағанды алдына қойып, тамақ берген кезде оған асықпай келеді. Бұл тазының тектілігін білдіреді, - деді иесі 24.kz тілшісіне берген сұхбатында.
Мысалы, қазір президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың да 3 тазысы бар. Кішісі Наурыз 1-ден асса, үлкені Нэнси 5 қар басқан. Ал үшінші Ронни атты тазысы – 4 жаста. Дәл осы Ронниді президентке Абзал Досыман сыйға тартқан. Қазір ол өзінің оншақты тазысын күзде V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары қарсаңында өтетін көремеге дайындап отыр.
Тазы баптау кәсіби деңгейді талап етеді. Ол әрдайым далада болуы керек. Аңшылықта жүруі қажет. Тазы баптау да оңай емес. Тамағы, дәрі-дәрмегі бар. Тіпті халықаралық көрмелерге дайындау үшін бапкерлер жалдаймыз. Тазылар өздерін көрмеде жақсы ұстауы, толығымен ашылуы үшін тренерлер жалдаймыз, - дейді Абзал Досыман.
Иә, Абзалдың тазылары көрмелерде көпшілікті тазалығымен әрі сымбатымен таңғалдырып келеді. Алайда ол сұлулыққа емес, жылдамдыққа назар аудару керектігін айтады.
Тазылар бүгін президенттерді көркімен сүйсінтсе, ертең далаға шыққанда бәсекеге сай, жүйрік болуы керек, – дейді ол.
Айтуынша, олардың бұл дайындығымен арнайы ит баптаушылар айналысады.
Жалпы, тазылардың орташа өмір сүру ұзақтығы – 6 жыл. Кейде 7-8 жылға дейін өмір сүрген тазылар болды. Тазы баптаудың ерекшеліктері мен өзіндік ережелері бар. Оның күшігіне тамақты туған кейін екі аптадан соң енесінің сүтіне араластырып, илеп бере бастаймыз. Араластырып, сұлының ботқасын береміз. Базарда сататын ет сүйектерін алып, суға қайнатып, тұз қосылған сорпасын ішкіземіз. Иттің бойындағы құрт, паразиттерді түсіру үшін бір айға жақындағанда арнайы дәрі, екпе салдырамыз. Күшіктерге шикі ет бермейміз. Етті саусақтың ұшындай етіп беріп, кейін мөлшерін үлкейте береміз, - дейді ит баптаушы Геннадий Михнов.
Соңғы жылдары тазы тұқымы көбейіп келеді. Оған елде өтетін шырға тарту жарыстары, сәндікке арналған көрмелер себеп. Тазы жанашыры Абзал Досыман қазақы итті әлемдік деңгейде барынша танытқысы келеді. Осы жолда еңбектеніп те жүр. Тазыларға қазірдің өзінде АҚШ, Канада, Түркия сияқты алпауыт елдерден сұраныс бар.