Электрондысының есебі жоқ, қолма-қол қаражаттың құнын білесің – маман пікірі
Негізгі шығындарға кететін қаражатты әмиянда жинаған тиімдірек
Әлем бойынша 17 мемлекеттегі жұрттың табысы мен шығысын зерттеген аустралиялық ғалымдардың айтуынша, қолма-қол ақша ұстамайтындардың шығыны көп. Өйткені олар сауда-саттықты тек банк қосымшасы мен карта арқылы жасағандықтан қаражаттың құнын сезбейді. Осылайша, оны есепсіз жұмсай береді екен.
Қазір қолма-қол ақша ұстайтындар аз. Екінің бірі электронды ақшаны тұрақты қолданады. Алайда картадағы қаражатты орынды әрі есеппен жаратуды білмейді.
Экономист Расул Рысмамбетов қолма-қол ақшаның маңызы жоғалмау керек деген пікірде. Айтуынша, негізгі шығындарға кететін қаражатты есепшоттан гөрі әмиянда жинаған тиімдірек.
Адам қолма-қол ақшаны басқаша құртады. Қолмен ұстаған соң оның құнын сезеді. Көп жерде жұмсағысы келмейді. Ал электронды ақша көбіне жай сандар, жалпы сома сияқты ғана көрінеді. Сондықтан белгілі бір мөлшерде қолма-қол ақша ұстау қажет. Мысалы, несие төлейтін қаражатты қолма-қол жинаған абзал. Бұл есеп жүргізуге мүмкіндік береді. Сосын біздің елде ақшаны несиеге беруді қиындату қажет. Қазір банктен қарыз алу жеңіл, соған орай адамдар да қаражаттың құнын сезе бермейді, – дейді экономист.