Домбыраны Қытайдан сатып алатынымызға жаның ауырады - депутат
Ол Қазақстанда қолөнершілердің аз екенін жеткізді
Қазір домбыраны да Қытайдан сатып алып отырмыз. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова айтты.
Бұл ретте депутат бүгінде Қазақстанда қолөнершілердің аз екенін жеткізді. Сондықтан олардың да статистикасы керек.
Мысалы, елімізде қамшы өретін қанша адам бар? Домбыра жасайтын қанша адам бар? Жақында «Білім және мәдениет» туралы заңды талқылағанда бізге Мәдениет және ақпарат министрлігінің өкілі домбыраны Қытайдан сатып алатынымызды айтты. Бұған жаның ауырады, - деді Жұлдыз Сүлейменова.
Ол Қазақстандағы қолөнершілердің нақты санын білуді ұсынды.
Қанша адам домбыра, қанша адам қобыз, қанша адам ертоқым жасайды? Қаншасы қамшы өреді? Қанша адам сабын қайнатады? Мұның бәрі – ата дәстүріміз ғой. Мұның бәрін білуіміз керек. Осындай мәліметтер қажет, - деді депутат.
Оның айтуынша, рухани, идеологиялық бағдарламаларды көтергенде оның түбінде нақты статистика тұрса, жақсы болар еді.