Тасқын салдарынан малынан айырылғандарға өтемақы толық төленді
Өлген малдың жалпы анықталған саны – 12 450
Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров су тасқыны салдарынан малынан айырылған қазақстандықтарға 1 млрд 200 млн теңге өтемақы төленгенін айтты.
Адамдар тасқыннан бәлен мың бас мал өлді деп әртүрлі әңгіме айтып жатыр. Шындығын айтсақ, штаб құрылған. Онда бүкіл жұмыс жүргізілді. Бүгінде 138 мың 800 бас малды тасқыннан аман алып шықтық. Бұл – үлкен жұмыс, - деді министр.
Министрлік мәліметінше, бүгінде өлген малдың жалпы анықталған саны – 12 450. Барлық өлексе жойылып, залал 100 пайыз өтелген. Бұл ретте Қарағанды облысындағы мал шығынын демеушілер толық өтеп тастаған.
Айта кетсек, 7 сәуірде республикалық штабта суға кеткен мал шығындарын өтеудің алгоритмі бекітілген болатын. Сол алгоритм мен қағидаттарда шығынды бюджеттен және бюджеттен тыс қаражат есебінен өтеу көзделген.