Ел ішінде 620 мыңға жуық адам ұлттық спортпен шұғылданып жүр
Ұлттық спорт түрлері бойынша 10 федерацияның басын қосатын қауымдастық жұмыс істейді
Статистикаға сүйенсек, қазір елімізде ұлттық спорт түрлерінің қарқынды дамып келе жатқаны байқалады. Мәселен, 2022 жылы ел бойынша ұлттық спорт түрлерімен жүйелі түрде шұғылданатындар саны 584,1 мың адамды қамтыса, 2023 жылғы көрсеткіш 619,2 мың адамға дейін өскен. Ол – секцияларда дене шынықтыру және спортпен айналысатындардың жалпы санының 8,7%-ы.
Қазір ұлттық спорт түрлері бойынша 1 488 жаттықтырушы жұмыс істейді, оның ішінде 928 бапкер ауылдық жерлерде еңбек етіп жүр.
Елімізде жыл сайын қазақ күресі, тоғызқұмалақ, асық ату, көкпар, бәйге, теңге ілу, жамбы ату, аударыспақ, құсбегілік, дәстүрлі садақ ату, жекпе-жек сияқты ресми түрде ұлттық спорт түрлерінің тізіміне енген спорт бойынша түрлі деңгейдегі (халықаралық деңгейден ауылдық деңгейге дейін) мыңнан астам жарыс өткізіліп келеді.
Бүгінде республикада 12 спорт клубы және ұлттық спорт түрлері бойынша 13 спорт мектебі бар. Сонымен қатар республикалық деңгейдегі ұлттық құрама командаларының спортшыларын даярлайтын Ұлттық және Ат спорты орталығы және ұлттық спорт түрлері бойынша 10 федерацияның басын қосатын қауымдастық жұмыс істейді. Сондай-ақ Қазақ күресі және Жекпе-жек федерациясы бар.