Болат Назарбаев пен ұлына тиесілі ғимарат 1,5 млрд теңгеге сатылды

Болат Назарбаев пен ұлына тиесілі ғимарат 1,5 млрд теңгеге сатылды 2gis
bai-bol.kz bai-bol.kz | 12 желтоқсан, 2024

Ақша Қаржы министрлігіндегі арнайы мемлекеттік қорға аударылады

Қайтарылған активтерді басқару компаниясы экс-президенттің інісі Болат Назарбаевқа тиесілі болған Алматыдағы ғимаратты 1,5 миллиард теңгеге сатып жіберді. Нысан қаланың орталығында орналасқан.

11 желтоқсанда E-Qazyna порталында қайтарылған активтерді сату бойынша сауда-саттық аяқталды. Қайтарылған активтерді басқару компаниясы аукционға қойылған 7 активтің төртеуін сатты.

Алматыдағы Байтұрсынов көшесінде орналасқан, ауданы 1 711,2 шаршы метр екі қабатты үй 1 миллиард 549 миллион теңгеге сатылды. Бұған дейін БАҚ-та ғимараттың Назарбаевтар отбасына тиесілі екені, оның ішінде Болат Назарбаев пен оның ұлы Нұрбол Назарбаевтың BN InvestCapital ЖШС және Ush Konyr Invest Corporation ЖШС кеңселері орналасқаны туралы ақпарат тараған еді.

Сондай-ақ Астананың сол жағалауындағы Samruk Towers тұрғын үй кешенінің бірінші қабатында орналасқан, жапсарласып салынған 3 үй-жай 269 миллион теңгеге сатылды. Ауданы 120-дан 176 шаршы метрге жететін үй-жайда бизнес нысандар орналасқан. Алайда оның кімге тиесілі екені белгісіз.

Ақша Қаржы министрлігіндегі арнайы мемлекеттік қорға аударылады. Айта кетсек, ол былтыр тәркіленген қылмыстық активтерді сақтау үшін құрылған болатын.

Қайтарылған активтерді басқару компаниясының мәліметінше, бұл қаражат елдің экономикалық дамуын қолдауда және активтерді қайтару мен тиімді пайдалануға байланысты басымдықтарға қол жеткізуде шешуші рөл атқарады.