Алматылық шебер 50 жылда 2 мыңға жуық әртүрлі қамшы өрген

Алматылық шебер 50 жылда 2 мыңға жуық әртүрлі қамшы өрген Алма Мұқанова/Kazinform
bai-bol.kz bai-bol.kz | 9 желтоқсан, 2024

Қолөнер бұйымдарына қашанда сұраныс болады, - дейді ол

Әрбір қазақ шаңырағы қамшыны қастерлі мұра санайды. Ол бірегей өнер туындысы ғана емес, сый-сияпаттың төресі, ер жігіттің серігі, шаңырақтың киесі. Бүгінде қамшы жасау өнерінің қыр-сырын меңгеріп, ұлттық өнерді дәріптеп жүрген жандар көп. Солардың бірі – алматылық Есенкелді Құлжабаев, деп жазды Kazinform.

Айтуынша, Есенкелді Құлжабаев өрімшілік өнерге жастайынан қызығушылық танытқан. «Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» демекші, ол қайыстан өрім өріп, түрлі бұйым жасауды әкесінен үйренген.

Бұл өнер менің бойыма әкемнен дарыған деп ойлаймын. Әкем шебер кісі еді. Бала күнімнен қызығушылық танытып, қамшы жасауды үйрендім, – дейді Есенкелді Құлжабаев. 

Осы орайда шебер қамшының жасалуына, қолданылуына байланысты бірнеше түрге бөлінетінін де атап өтті.

Алма Мұқанова/Kazinform

Оның әрқайсысының атқаратын қызметі, мақсаты, мағынасы да бар. Қамшы жасалу ерекшелігіне, қолданылған материалына, ерекше салынған өрнегіне байланысты тобылғы қамшы, сарыала қамшы, ырғай сапты қамшы, шашақты қамшы деп түр-түрге бөлінеді. Қамшы мынадай бөліктерден тұрады: сабы, өрімі, алақаны, бүлдіргісі, сақинасы, шашағы, өзегі, түйіні, шырмауығы. Осылардың ішінде қамшының сабына ерекше көңіл бөлінеді. Қамшы өрілетін таспа санына қарай, 3 өрімнен бастап, 40 өрімге дейін барады, – дейді ол. 

Өрімнің барлық түрін меңгерген шебер осы күнге дейін 2 мыңға жуық қамшы өрген. Бұдан бөлек, теріден заманауи белдіктер мен түрлі қолдорба да жасайды.

«Шебердің қолы ортақ» демекші, ата кәсіпті серік еткен Есенкелді Құлжабаев көпшілікке бұйым жасаумен ғана шектелмейді. Өрім түрлерін үйрететін арнайы методикалық кітап та шығарған.

Алма Мұқанова/Kazinform

Мен бұл өнермен 50 жыл айналысып келемін. Осы күнге дейін 2 мыңға жуық қамшы өрдім. 35 жылдай Абай атындағы қазақ ұлттық педагогикалық университетінде қолөнерден сабақ беремін. Ұлттық құндылығымызды дәріптеуді балабақшадан бастадым,– дейді ол.

Айтуынша, кішкентайлар қамшы өруді аз уақыт ішінде меңгеріп алған. Мысалы, 5 жастағы Дариға бауырына өз қолымен қамшы өріп беріпті. 

Мен атаның сабағына қатысып жүрмін. Қамшы өруді тез үйрендім. Өйткені мен шаш өру білемін ғой. Маған ұнайды,– дейді 5 жастағы Дариға Халила.

№153 бөбекжай балабақшасының тәрбиешісі Әйгерім Сейсенбекова шеберді ұзақ уақыт іздеген. 

Есенкелді ағаны іздеп жүріп таптық. Ол кісі сияқты шебер жандар саусақпен санарлық. Мақсатымыз – баланың бойына ұлттық құндылықтарды жастайынан сіңіру, – дейді ол.

Ал Есенкелді Құлжабаев қамшының қазақтың тұрмысы мен мәдениетінде орны ерекше екенін айтты.

Қамшының тарихы ата-дәстүрде жатыр. Қазақ халқы көшпенді ел бола тұра, салт-дәстүрді берік ұстанған. Қолөнер бұйымдарына қашанда сұраныс болады. Ата-бабадан қалған асыл мұраны өзгеге үйрету – мен үшін мәртебе, – дейді шебер.