Ақтөбелік кәсіпкерлер мұқтаж жандарға 5 күн бойы соғымнан сыбаға таратты
Өңір жұртшылығы ұмыт болып бара жатқан «Сыбаға» дәстүрінің қайта жаңғырғанына қуанышты
Ақтөбе облысында 5 күнге созылған «Сыбаға» ұлттық дәстүрлер фестивалі аяқталды.
Фестивальдің соңғы күнінде ақтөбелік кәсіпкерлер мыңға жуық ерекше бала тәрбиелеп отырған отбасыларға, қоғамның осал топ өкілдеріне сыбаға үлестірді. Яғни, қайырымдылық акциясы аясында шаруа қожалықтары, кәсіпкерлер ірі қара, жылқы мен түйе сойып, оның етін таратты.
Өңір жұртшылығы ұмыт болып бара жатқан «Сыбаға» дәстүрінің қайта жаңғырғанына қуанышты.
Ақтөбе облысының әкімдігі желтоқсан айының басынан бастап, апта бойы үлкен жоба – «Сыбаға» ұлттық дәстүрлер фестивалін ұйымдастырып жатыр. Дәстүрлеріміз дәріптеліп, ұлттық қасиеттеріміз ұлықталуда. Фестивальге үлес қосу мақсатында кеше түйе сойдық. Халыққа таратамыз. Соғым-сыбаға тарату – қазақ халқының ежелден келе жатқан ерекше дәстүрі, - деді кәсіпкер Амантай Үмбетай.
Акцияның өтуін жастар мен волонтерлер де қолдады. Олар әр жілікті арнайы «Сыбаға» деп жазылған қораптарға салып, жерлестеріне таратты. Тұрғындар фестивальдің алдағы уақытта жалғасын табуына тілектестігін білдірді.
Зайыбым – І топ, қызым – ІІ топ мүгедегі. Қазақы ауылда өстім. Күз түскен кезде, қараша-желтоқсан айларында соғым сояды. Көршілерге, ағайын-туысқа сыбаға тарататын. Бұл дәстүр, әсіресе, қалалық жерде ұмыт болып бара жатыр. Қазақи салт-дәстүрдің әрі қарай жалғасқаны өте орынды болады деп есептеймін, - деді қала тұрғыны Орынбай Өтениязов.
Іс-шара бір жағынан ұлттық дәстүрлерімізді насихаттаса, екінші жағынан қоғамның әлсіз топтарына қолдау көрсетудің маңыздылығын тағы бір рет айқындап берді.