Атышулы Черчесов жұмысынан кетсе, оған 1 млн еуро айыппұл төлейміз
Ол келісімен, «Қазақстан – орыстілді мемлекет» дегенді айта салды
Қазақстан құрамасының бас бапкері Станислав Черчесов мерзімінен бұрын қызметінен босатылған жағдайда, елімізге салынатын айыппұл мөлшері 1 миллион еуроға бағаланады, деп хабарлады Legalbet.
Айта кетсек, футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Станислав Черчесов Қазақстан футбол федерациясы (ҚФФ) басшылығындағы ықтимал өзгерістер мен президент Әділет Бәрменқұловтың отставкаға кетуі мүмкін екендігін білгендей, 2024 жылдың жазында алдын ала «өз жағдайын жасап» алған.
Legalbet-тің мәліметінше, Черчесов өзінің жаттықтырушылар құрамына жергілікті мамандарды, оның ішінде Қазақстан жастар құрамасының бас бапкерін тартуды талап еткен.
Еске сала кетсек, Черчесов қазақстандық журналистің мемлекеттік тілде қойған сұрағына «Сіз французша сөйлеп тұрсыз ба?» деп кекете жауап берген болатын. Сондай-ақ оның мұндай «кеудемсоқ» мәлімдемесі бірнеше рет қайталанды. Тіпті, Қазақстан құрамасына келісімен, «Қазақстан – орыстілді мемлекет» дегенді шімірікпестен айта салды.
Жалпы, Станислав Черчесов маусым айында Қазақстан футбол құрамасының жаттықтырушысы болып тағайындалғаннан кейін ҚФФ атқару комитетінен бірден 8 адам кеткен. Ал оның жетекшілігімен Қазақстан УЕФА Ұлттар лигасында 4 ресми матч өткізсе де әлі күнге дейін есеп түзелген жоқ. Ол келгелі жанкүйерлер таблодан «0»-ден басқаны көрмеген.