Мәжіліс депутаты «Яндекс.Таксидің» нарықтағы үстемдігін сынға алды
Қазақстан нарығында Яндекс-тен басқа тағы 7 интернет-сервис бар
Депутат Мұрат Әбенов жолаушылар тасымалын бақылайтын өзін-өзі реттейтін ұйымдар құру мәселесіне арналған жалпы отырыста елдегі такси компанияларының барлығы «Яндекс.Таксиге» бағынатынын айтты.
Бұл ретте депутат такси нарығында әділ бәсекелестік болуы үшін ұсынылып отырған өзін-өзі реттеу мен ақпараттың ашықтығы қажет екенін алға тартып отыр.
Мәжілісмен «Яндекс.Таксидің» қазір әкімдіктерге жолаушылар ағыны, қанша көлік жұмыс істейтіні және олардың қандай тіркеуі бар екендігі туралы ақпарат бермейтінін атап өтті. Оның айтуынша, егер «Яндекс.Такси» агрегаторының өзін-өзі реттейтін ұйымға қосылуы талап етілмесе, онда атқарылған әрекеттерден нарықта ешқандай нәтиже болмайды.
Ал Көлік министрі Марат Қарабаев заң мұндай агрегаторлардың өзін-өзі реттейтін ұйымға міндетті түрде енгізілетінін атап өтті.
Оның айтуынша, қазір Қазақстан нарығында Яндекс-тен басқа тағы 7 интернет-сервис бар. Еуропадан тағы бір әлемдік такси брендін Қазақстан нарығына әкелу жоспарланған. Алайда Марат Қарабаев ол компанияның атын атаудан бас тартты.
Еске сала кетсек, бұған дейін «Яндекс.Таксидің» бағасы неге қымбат екенін жазған болатынбыз.