Алматыда жұмыссыз қалған саудагерлер бас көтерді
Саудагерлерді алалап, өз адамдарын қойып жатыр, - дейді
«Базар басшылығы берекемізді алды» деп базынасын айтып жиналғандар 8 жыл тер төккен сауда орнынан бір күнде айырылған. Ал базар басшылығы заң шеңберінен шықпағанын айтып, ақталып отыр, деп хабарлады Almaty.tv.
Телеарна мәліметінше, саудагерлер нәпақа тауып отырған сауда орындарынан аяқасты айырылып қалған. Олардың айтуынша, базар бастығы босатыңдар деп пәрмен бергенмен, нақты себебін түсіндірмеген.
Кеше жұмысқа келсем, есіктер жабық. Екі күннен бері жұмысқа шыға алмай жатырмыз. Біз пәтер жалдап тұрамыз, 3 балам бар. Несие төлеймін, енді жұмыссыз отырмыз, - деді сатушы Зульфира Ибрагимова.
Шағым айтушылар «саудагерлерді алалап, өз адамдарын қойып жатыр» дейді. Альмира Әлиева да осы базардан жұмыс бастап, нан өнімдерін өңдеп сатқан. Ол орынды сатып алып, кейін ай сайын жалға алу ақысын төлеп отырған.
Сегіз жыл бұрын жұмыс бастадым. Базар басшылығы еш себепсіз қуып шықты. Басында түрлі сылтау айтып, кедергі жасай бастады. Қолымда талон бар, орынды сатып алғанмын. Енді келісімшартты бұзып жатыр, - дейді наубайхана әкімшісі.
Ал базар басшылығы «заң шеңберінен шықпадық» деп ақталды. Олардың айтуынша, базар мен саудагердің арасындағы келісімшартты бұзуға негіз бар. Сондықтан сауда орындарын реттеп жатқанын жеткізді.
Белгісіз себептермен жалға алушылар орынды қайтарып берген жоқ. Қоғамдық тамақты мүлде жойып жатырмыз. Мекемеде жабайы сауда жоқ, - деді «Алатау» базарының заңгері Гауһар Жамаубаева.
Алайда шағымданушылар онымен тынбай, сотқа да арыз жазбақ. Жетісу облысы әкімдігінің кәсіпкерлік бөлімі мен прокуратурасына да хат жолдайтындарын ескертті.