Алматыда 50 Cent-тің кепкасын қағып алған жігіт 80 млн теңгеден бас тартты
Кепка уақыт өте келе өз құнын арттырады, - дейді ол
2023 жылдың қарашасында Алматыда өткен 50 Cent-тің The Final Lap Tour әлемдік турының бір концертінде болған ерекше жағдай медиа мен әлеуметтік желілерде кеңінен талқыланды. Концерт барысында рэпер кепкасын көрермендерге лақтырып, оны Дархан есімді жас жігіт қағып алды. Сол кезде кепка қызу талқыланып, оған 20 миллион теңге, көлік және пәтер ұсынғандар болған. Бұл туралы Tengri Life порталы хабарлады.
Дарханның айтуынша, кепкаға қатысты талқылаулар бәсеңдегенмен, оны сатып алуға ұсыныстар әлі де түсіп жатыр. Ең ірі ұсыныс былтыр бір бизнесменнен келген. Ол кепка үшін 80 миллион теңге ұсынған.
Бір жігіт маған TikTok арқылы ұсыныс жасады. Оның Қазақстанның бір аймағында жалға беретін сауда орталығы бар екен. Ол егер мен келіссем, ертең адвокат шақырып, ғимаратын сатып, кепка үшін 80 миллион теңге беретінін айтты. Бұл баскиім туралы шу шыға бастаған кезде болған. Мен бас тарттым, «Ақымақ болма, не үшін керек?» дедім. Оны бұл ойдан бас тартуға көндірдім. «Бұл тек кепка ғой, керек емес» дедім. Бірақ ол табандылық танытты. Мен ойланып көремін деп уәде бердім. Шамамен жарты жылдай уақыт өткен соң ол маған қайта жазып, кепканы сұрады. Мен әлі де 40-50 миллион теңгеге ұсыныстар түсіп жатқанын айтып, оның 80 миллиондық ұсынысы әлі де күшінде ме деп сұрадым. Ол кепканы сатып алуды жоспарламайтынын, енді қызығушылығы жоқ екенін айтты. Мен оған «Жарайсың!» дедім. Әрине, ол ересек болып, ақылға келген сияқты. Біз әлі де байланыстамыз, ол жағдайымды сұрап тұрады, – деді баскиім иесі.
Көп ұсынысқа қарамастан жігіт кепканы өзінде қалдырған. Себебі ол үшін бұл зат – өміріндегі маңызды сәттің естелігі ретінде ерекше құндылыққа ие.
Келіспедім. Өйткені бұл – мен үшін өз алдына бір естелік, өмірімдегі керемет сәтті еске түсіретін нәрсе. Бұл өте керемет деп ойлаймын. Ақша туралы айтсам, кепка уақыт өте келе өз құнын арттырады. Мен – жанкүйермін. Бұл – жастық шағымның естелігі. Кепка мен үшін маңызды. Оны кез келген уақытта сатуға болады. Сондықтан, иә, бір кездері үлкен ұсыныстар болды. Бірақ қазір мен үшін бұл – көбірек естелік, сол күннің ескерткіші іспеттес, – дейді кепканың қазіргі иесі Дархан.
Сондай-ақ ол кепкаға пәтерінде арнайы орын бөлгенін, оны әдемі шыны қорапқа салып қойғанын айтты. Сол арқылы әрқашан сол айтулы күнді еске түсіріп отыратынын жеткізді.
Дархан біраз уақыт бұрын 50 Cent-тің кепкасына қолтаңбасын алу идеясы пайда болғанын да айтты. Тіпті, белгілі қазақстандық рэпер Скриптониттен де қолтаңба алуды ойлаған. Осылайша, екі музыкалық аңызбен байланысты ерекше артефакт жасағысы келген. Алайда уақыт өте келе Дархан бәрін сол қалпында қалдыруды жөн көрген.