Шымкенттік алаяқ Талғардағы балалардың еміне деп 32 млн теңге жинап алған
Оған 6 мыңға жуық ақша аударымы жасалған
Алматыда әлеуметтік желіге балалардың суретін жариялап, алаяқтық жолмен қомақты қаржы жинаған азамат ұсталды.
Полиция мәліметінше, халықтан алаяқтық жолмен 32 миллион теңгеден аса қаржы жинаған адам – Шымкент қаласының тұрғыны. Ол Талғар ауданындағы балалардың еміне қаражат жинауға көмек көрсету сылтауымен Instagram әлеуметтік желісінен парақша ашқан.
Алаяқтың желіде онкологиялық аурумен ауыратын балалардың суреттерін пайдаланып, жалған банк картасының деректерін орналастырғаны анықталды. Іздеу жұмыстарының нәтижесінде күдікті, яғни Шымкент қаласының тұрғыны ұсталды. Қазір 32 миллион теңгеден аса сомаға бастапқы шотқа 6 мыңға жуық ақша аударымы жасалғаны анықталды, – делінген хабарламада.
Алаяқтық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалып, күдікті қамауға алынды. Оның осыған ұқсас басқа да қылмысқа қатысының бар-жоғы тексеріліп жатыр.