Аз салық төлеп отырған жеке кәсіпкерлер орта бизнеске көшпейді - сарапшы
Елімізде 2 миллионға жуық жеке кәсіпкер тіркелген
Сарапшылар елімізде орта бизнес өркендей алмайды дейді. Себебі шағын бизнеске өте керемет жағдай жасалып жатыр. Олар жеңілдетілген салық төлейді, бірнеше адамды жұмыспен қамти алады, деп хабарлады «Астана» телеарнасы.
Елімізде 2 миллионға жуық жеке кәсіпкер тіркелген. Олар өз бизнесін дөңгелетуі үшін өте тиімді жағдай жасалған. Мәселен, табысынан 3 пайыз салық төлейді, 30 адамға жұмыс бере алады. Мұндай жағдаймен ешкім орта кәсіпке көшпейді дейді мамандар. Көршілес Ресейде жеке кәсіпкерлер табысының 30 пайызын, ал өзбек ағайындар 35 пайызын салық ретінде бюджетке құяды. Сарапшылар салық жүйесіне реформа керектігін айтады.
Орта бизнестің көтерілуі өте қиын. Олар кіші кәсіпкерлермен бәсекеге түсе алмайды. Өйткені мыналардың салықтық мөлшерлемелері өте жеңіл. Ал орта бизнес салықтың барлық түрін төлейді. Өйтіп жұмыс істеу өте қиын болады. Өйткені біз бюджетке ақша жинай алмай қаламыз. Бюджетке ақша түспейтін болса, экономикалық, әлеуметтік проблемаларды шеше алмаймыз, - дейді «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасының кеңесшісі Жақсылық Құлекеев.