Қазақстанның 200 мыңға жуық азаматы шетелге жұмыс іздеп кеткен

Қазақстанның 200 мыңға жуық азаматы шетелге жұмыс іздеп кеткен egemen.kz
bai-bol.kz bai-bol.kz | 5 маусым, 2024

Арасында бейресми еңбек етіп жүргендер де бар

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев шетелде шамамен 200 мыңға жуық қазақстандықтың заңды түрде жұмыс істеп жүргенін мәлімдеді. Оның айтуынша, қазір сыртта еңбек ету – қалыпты құбылыс.

Американың өзінде Орталық Азиядағы көршілес елдердің мыңдаған азаматы тұрып жатыр. Көбі бизнесін жүргізіп, саудамен айналысады, арасында қалталы адамдар бар. Бірақ олар өзінің ұлттық ерекшелігін жоғалтқан жоқ. Ең дамыған елдердің азаматтары да шетел асып, табыс табуға намыстанбайды. Заманауи көшпенділер, Modern Nomads дегеніміз – осы. Бұл – бүкіл әлемде болып жатқан үрдіс, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Оның айтуынша, соңғы жылдары біздің жастар да шетелге жиі шыға бастаған.

Қазір Қазақстанның 200 мыңға жуық азаматы заңды түрде сыртта жұмыс істеп жүр. Табыс табу үшін шетелде бейресми еңбек етіп жүргендер де бар. Қай жерде де еңбектің, кәсіптің жаманы болмайды. Тек бәрі заңды болуы керек. Сонда мемлекет олардың құқығын қорғап, қандай да бір жағдай болса, көмектесе алады, - деді президент.

Осы орайда ол ел ішінде немесе шетелде заңды түрде жұмыс істеп, табыс табуға мүмкіндік туса, одан бас тартпаған жөн екенін еске салды.