«Біреудің мұрнын бұзғанға машина, 100 жылқы берді» - академик байларға ренжулі
Математикадан ұтып жатқандарға неге біреуі бір велосипед бермейді? – дейді ол
Белгілі академик, математик Асқар Жұмаділдаев «Ой-лайық» подкасында спортшыларға қымбат сыйлық беретін Үкіметті сынады. Ол спортшыларға жасалатын жағдайдың білімді балаларға жасалмайтынына қынжылады.
Осы жолы да Олимпиадада чемпион шықты. Біреудің мұрнын бұзып еді, оған машина да берді, жүз жылқыны да берді, түйені де берді... Бәрін де береді. Ойлап қарасаңыз, осындай жетістіктерге математик балаларымыз да жетіп жатыр ғой. Математикадан жыл сайын ұтып жатыр. Неге соларға ең болмағанда біреуі бір велосипед бермейді? Нағыз бай, меценат болса, неге математик балаларды қолдамайды? Бір спортшы шықса, оған үйіп-төгіп Үкімет те береді, кейін допинг болып шыға келеді. Кезінде бүкіл зілтеміршінің допинг пайдаланғаны анықталып, бірақ ешқайсысы сыйлығын қайтарған жоқ, – деді ғалым.
Айта кетсек, биылғы Париж Олимпиадасында Қазақстан 7 медальға ие болған еді. Оның біреуі – алтын, үшеуі – күміс, үшеуі – қола. Мемлекет тарапынан чемпион Елдос Сметовке 250 мың доллар, күміс жүлдегерлерге 150 мың доллар, қола медаль иелеріне 75 мың доллар және әрқайсысына пәтер берілді. Сондай-ақ оларға демеушілер мен жергілікті әкімдік тарапынан да пәтер мен көлік қос-қостап үлестірілді.