Әлеуметтік кәсіпкерлерге берілетін грантты алу үшін не істеу керек? - министрлік түсіндірмесі
Қазақстанда 635 әлеуметтік кәсіпкер тілкелген
Ұлттық экономика министрлігі әлеуметтік кәсіпкерлерге берілетін грантты алу үшін не істеу керектігін түсіндіріп берді, деп хабарлады Massaget.kz.
Министрліктің мәліметінше, Қазақстанда 635 әлеуметтік кәсіпкер тілкелген. Оларға мемлекет тарапынан бірқатар жеңілдік қарастырылған. Бұл туралы мына материалдан оқи аласыздар. Солардың бірі – әлеуметтік кәсіпкерлерге берілетін мемлекеттік гранттар. Министрліктің мәліметінше, бір кәсіпкер үшін мемлекеттік грант сомасы мемлекеттік грант алуға ұсынылған өтінімге байланысты 5 миллион теңгеге дейінгі соманы қамтиды. Биылдан бастап мемлекеттік гранттар беру құралы бойынша қаражат жергілікті бюджеттен бөлінеді.
Мемлекеттік гранттар беру қағидаларының талаптарына сәйкес келетін әрбір кәсіпкер грант беру туралы қолданыстағы шарттар болмаған кезде бір бизнес жоба бойынша бизнес идеяларды іске асыру үшін мемлекеттік гранттар беру мақсатында конкурстық іріктеуге қатысушы бола алады.
Кәсіпкердің бизнес-идеяларын іске асыру үшін бизнес жобаның міндетті шарттары мынадай:
- кәсіпкердің жобаны іске асыруға арналған шығыстарды мемлекеттік грант көлемінің кемінде 20%-ы мөлшерінде, оның ішінде бизнес жобаға қатысатын жеке жылжымалы немесе жылжымайтын мүлікпен қоса қаржыландыруы (ақшалай қаражатпен);
- жаңа жұмыс орындарын құру;
- кәсіпкердің бизнес жобасында инфрақұрылымның болуы және жобаны іске асыру үшін жеткілікті инфрақұрылым құру көзделген инвестициялық жоспардың болуы.
Кәсіпкерлер мемлекеттік грант қаражатын қандай мақсаттарға пайдалана алады?
- тауарларды шығару немесе қызметтер көрсету үшін қажетті негізгі құралдарды (оның ішінде негізгі құралдарды салу/жаңғырту/реконструкциялау/ күрделі жөндеу), шикізат пен материалдарды сатып алу;
- материалдық емес активтерді сатып алу;
- технологияны сатып алу;
- кешенді кәсіпкерлік лицензияға (франчайзингке) құқықты сатып алу;
- зерттеу жұмыстарына және жаңа технологияларды енгізуге байланысты шығыстар.
Министрлік мемлекеттік грант қаражатын өзге мақсаттарға пайдалануға жол берілмейтінін ескертті.
Кәсіпкердің бизнес жобаны іске асыру мерзімі грант беру туралы шартқа қол қойылған күннен бастап, 18 айдан аспауға тиіс.
Қатысушы грантқа өтінім беру үшін қандай шарттарды орындау керек?
Әлеуметтік кәсіпкерлерге берілетін мемлекеттік грант бойынша құжаттарды қабылдауды әрбір өңір жеке қарастырады. Өтінімдерді қабылдау кәсіпкердің тіркелген жері (заңды мекенжайы) бойынша іске асады.
Мемлекеттік гранттар алуға арналған өтінімді қарау мына шарттар сақталған жағдайда беріледі:
- «Электрондық үкімет» веб-порталы арқылы бизнес идеяларды іске асыру үшін мемлекеттік грант алуға конкурстық іріктеуге қатысуға өтінім беру;
- Өтінімді субсидиялаудың ақпараттық жүйесінде тіркеу;
- Деректері субсидиялаудың ақпараттық жүйесінің «Заңды тұлғалар» немесе «Жеке тұлғалар» мемлекеттік дерекқорларымен ақпараттық өзара іс-қимылы нәтижесінде расталған кәсіпкердің субсидиялаудың ақпараттық жүйесінде жеке шотының болуы;
- Есепке алу мемлекеттік кірістер органдарында жүргізілетін, субсидиялаудың ақпараттық жүйесі мен мемлекеттік кірістер органдары ақпараттық жүйесінің ақпараттық өзара іс-қимылы нәтижесінде алынған, бюджетке төленетін міндетті төлемдер бойынша берешектің жоғы туралы мәліметтерді растау;
- Бизнес жобаға қатысатын жылжымайтын мүлікпен қоса қаржыландыруды растау мақсатында – субсидиялаудың ақпараттық жүйесінің мемлекеттік жер кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесімен және мемлекеттік деректер базасымен ақпараттық өзара іс-қимылы нәтижесінде расталған кәсіпкердің жер пайдалану және (немесе) жеке меншік құқығындағы жер учаскесінің немесе өзге де жылжымайтын мүліктің болуы;
- Бизнес-жобаға қатысатын жылжымалы мүлікті қоса қаржыландыруды растау мақсатында – кәсіпкерде субсидиялаудың ақпараттық жүйесінің ауыл шаруашылығы техникасының мемлекеттік тізілімімен және (немесе) «Автомобиль» дерекқорымен ақпараттық өзара іс-қимылы арқылы расталған жылжымалы мүліктің болуы.
Грантқа өтініш беру үшін қандай құжаттар қажет?
Конкурсқа қатысу үшін кәсіпкер бір өтінім ғана беруге құқылы. Өтінімдер конкурс өткізу туралы хабарландыруда көрсетілген мерзімдерде қабылданады.
Мемлекеттік грант алуға үміткер кәсіпкерлер өтінімге PDF форматындағы құжаттардың сканерленген көшірмелерін тіркейді.
Әлеуметтік кәсіпкер грант алу үшін мынадай құжаттар тапсырады:
- Басшының қолымен және өтініш берушінің мөрімен расталған, өтінім беру кезіндегі жалдамалы жұмысшылардың орташа саны туралы анықтама (бар болса);
- Кәсіпкерлікті қолдаудың қаржылық емес шараларын ұсыну қағидалары шеңберінде кәсіпкердің «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне немесе әлеуметтік кәсіпкерлікке оқытудан өткенін растайтын, ескіру мерзімі 3 жылдан аспайтын құжаттың көшірмесі;
- Ұсынылатын мемлекеттік грант көлемінің кемінде 20% мөлшерінде бизнес-жобаны іске асыруға арналған шығыстарды қоса қаржыландырудың болуын растайтын құжаттар, кәсіпкердің ағымдағы шотында ақшалай қаражаттың болуы туралы банктік шоттан үзінді көшірме немесе жылжымалы және жылжымайтын мүліктің бағалау құнын растайтын құжаттар немесе бизнес-жобаға қатысатын жылжымайтын мүлік;
- Әлеуметтік кәсіпкерлік субъектісі немесе «Бір ауыл – бір өнім» бағдарламасының финалисі саналатын шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі ретінде кәсіпкердің мәртебесін растайтын құжаттың көшірмесі.
Әлеуметтік кәсіпкерлік туралы толық ақпаратты Ұлттық экономика министрлігінің интернет-ресурстарынан және әлеуметтік желілерінен, сондай-ақ «Атамекен» кәсіпкерлер палатасынан, asi_qazaqstan әлеуметтік инноваторлар ассоциациясынан алуға болады.