Биыл «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында 43 мыңнан астам адам оқыды
Олардың 81%-ы – ауылдар мен ауылдық округтердің тұрғыны
Үкіметте өткен кеңесте азаматтардың қаржылық сауатын арттыруға бағытталған «Қарызсыз қоғам» жобасын іске асыру барысы талқыланды.
Жалпы, бұл жоба былтыр мамырда Қазақстанның 8 өңірінде басталған. Ол азаматтарға білікті қаржылық және құқықтық көмек көрсетуді, халықтың қаржылық сауатын арттыруды, азаматтарға банктік қарыздар мен микронесиелер бойынша проблемалық берешекті реттеуге жәрдемдесуді көздейді.
Еске сала кетсек, президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» Жолдауында жобаның ауқымын кеңейтуді тапсырған болатын. Қазір жоба барлық облыста, сондай-ақ республикалық маңызы бар Астана, Алматы және Шымкент қалаларында іске асырылып жатыр. Жұмысқа 11 мемлекеттік орган, 12 банк, Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы мен Қазақстанның микроқаржы ұйымдарының қауымдастығы қосылды.
AMANAT партиясының хатшысы Эльдар Жұмағазиевтің айтуынша, жыл басынан бері 43 мыңнан астам адам оқудан өткен. Олардың 81%-ы – ауылдар мен ауылдық округтердің тұрғыны. Жобаға қатысушылар сарапшылардың дәрістерінен бөлек, enbek.kz порталында тіркелу мен жеке кәсіп ашудан бастап, соттан тыс банкроттықты сүйемелдеу және берешекті өтеу кестесін құру бойынша кеңес алып жатыр.
Біз қазақстандықтар арасындағы проблемалық несиелердің үлесін азайтуға әрі халықтың қарызға белшеден батуына жол бермеуге тырысамыз. Бұл – ең маңызды әлеуметтік мәселе және осы ретте партия шетте қала алмайды. Қазір біз оның салдарымен күресіп жатырмыз. Сондықтан қаржылық сауаттылықты мектептерде, колледждерде және ЖОО-да оқыту қажет деп санаймыз. Осылайша, қоғамдағы қаржылық мәдениет деңгейінің үлесін айтарлықтай арттыра аламыз, - деді Эльдар Жұмағазиев.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Әбдірахманов «Қарызсыз қоғам» жобасына азаматтарды көбірек тарту үшін жергілікті атқарушы органдар мен мемлекеттік органдардың назарын жергілікті жерлерде ақпараттық жұмысты күшейту қажеттілігіне аударды.
Өз кезегінде «Қарызсыз қоғам» жобасының жетекшісі Ақмарал Бекмұрзаева әлемдік озық тәжірибелерді ескере отырып, қаржылық сауаттылық бойынша әдістеме мен оқу-практикалық материалдарды әзірлеудің маңыздылығына тоқталды.
Біз 513 мың адамның арасында сауалнама жүргіздік. Олардың ішінде мұғалімдер, оқушылар және ата-аналар бар. Білім беру процесіне қатысушылар арасында қаржылық сауаттылықты оқытудың ұйымдастырылуы мен нысаны туралы бірыңғай түсінік жоқ. Мұғалімдердің 80%-ы «Жаһандық құзыреттілік» пәні аясында сауаттылықты оқытуға арналған оқулықтар мен әдебиеттердің жоқтығын айтады. Оқушылардың 60%-ы пәнге қызығушылық танытқанмен, оның форматы әрі материалдардың ұсынылуы ұнамайтынын көрсеткен, - деді «Қарызсыз қоғам» жобасының жетекшісі Ақмарал Бекмұрзаева.
Оқу-ағарту министрлігінің Орта білім беру комитеті төрағасының орынбасары Жомарт Қарамбаев мұғалімдерге қаржылық сауаттылық бойынша да сабақ беру үшін біліктілікті арттыру курстары жүргізіліп жатқанын хабарлады.
Ғылым және жоғары білім вице-министрі Динара Щеглованың айтуынша, Narxoz университетінде биылдан бастап барлық жоғары оқу орындарында оқытылатын «Қаржылық сауаттылық» курсы әзірленген. Жыл сайын шамамен 100 мың студент қамтылады. Олардың басым бөлігі – 1-курс студенттері.