Қазақы тазы мен төбетті әлі «өзіміздікі» дей алмай жүрміз
Стандартты бекіту үшін кемінде мың итті сипаттап жазып, олардан жоқ дегенде 3 өсім алу керек
Қазір әлемде иттің 400-дей түрі бар екен. Соның ішінде қазақтың құмай тазысы жүйріктің бірі деп танылса, төбет ең ірі 10 иттің қатарына енген. Енді міне, кезінде бабаларымыз жеті қазынаның біріне жатқызып, төрінен орын сайлаған нағыз тазыларды осы күні түстеп тану қиынға соғып отыр. Ал төбетіміз тіптен жойылып кетудің аз-ақ алдында қалды. Тауықтың тізімін жасап, сиырға сырға тағуды үйренген қазақ, неге екенін қайдам, төл қазынасын түгендеуге енжар болып барады.
Таздың шашындай ғана тазы қалды
Кезінде Мұхтар Құл-Мұхаммедтің «Алтын адамның ерткен иті жоқ. Егер ерте қалса, оның тазы болатынына менің еш күмәнім жоқ» дегеніне сүйеніп, тарих беттерін парақтасақ, тазының қазақ даласында алғаш б.з.д. 7-6 мыңжылдықта қолға үйретілгеніне көз жеткіземіз. Ғалымдардың пайымынша, шамамен 2000-2500 жыл бұрын тасқа қашалған петроглифтер де оның сонау Сақ заманында қолға үйретілгенін айғақтайды. Ал орыс зерттеушілері 1917 жылғы Қазан төңкерісіне дейін қазақ даласында 10 мыңға жуық тазы болғанын жазып кеткен. Қазір соның таза қандысы 500-ге де жетпейді екен. «Аштық кезінде бір өзі тұтас бір ауылды асыраған» дейтін бұл иттің сырттаны Кеңес Одағы заманында, тіпті, 200 басқа дейін кеміген көрінеді.
Аштық демекші, академик А. Слудский 30-жылдары қазақ даласында шамамен 7 мыңнан астам тазы болғанын және олар бір маусымда 30 мыңдай аң ұстағанын жазған. Өкінішке қарай, сондағы репрессия талабымен тері өңдейтін фабрикаға ит терісін қажетсініп, бір ғана Қызылорда облысының өзінен 500 итті жинап әкеткен. Оның 90 пайызы – таза қанды қазақы төбет пен жарғаққұлақ тазы болған көрінеді.
Сонымен қатар халықаралық дәрежедегі сарапшы Рашид Әубәкіров Хрущевтің өзі түлкі, қояндарды аулау тәсілін «өте ынжық», «жабайы» санап, сол үшін барлық тазыны жаппай қыруға бұйрық бергенін айтады. Қазір де ит атушылар көшеде көзіне көрінгенін ата салады. Ол онсыз да тұқымы тұздай құрығалы тұрған тазы мен төбет болса да бәрібір. Далада жүр ме, бітті, бұралқы иттер санатында.
Бір жағынан, қазір ит жүгіртіп, құс салатын жігіттер некен-саяқ. Тазы болса, тумысынан аңшы ит. Балконнан мөлейіп, тас көшеге телміріп отыру мен қалалық ақсаусақтың жетегінде жүру – табиғатына жат. Ал аң аулауға әуес азаматтар оны білместікпен арабтың салюкиіне, қырғыздың тайғанына, ағылшынның грейхаундына ылықтырып, тәуір тұқымын былықтырып жіберді. «Тазы» деп аталғанмен, нақты қандай тұқым екенін айыру қиын. «Жаңашылдыққа» ұрынудың кесірінен дүрегейден гөрі дүбәра деуге келетін бірдеңелер пайда болды. Сондықтан кинологтер тазының халықаралық деңгейде танылуға тиіс таза қанын сақтап қалу үшін генетикалық зерттеуге басымдық беріп, аралас тұқымдардан арылу керектігін алға тартып отыр. Ал ұлттық тұқымды анықтау және тіркеу – 2014 жылы құрылған «Қансонар» қоғамдық бірлестігі мен аңшылық шаруашылығының міндеті.
Заман талабы сондай болғандықтан, таза қанды екені көзге ұрып тұрса да тазымыз ресми құжатсыз көп иттің бірі ғана болып қала бермек. Екіншіден, оның тектілігін дәлелдеу қажет. Алайда бізде тазыға қатысты «шежіре құжат» та жоқ. Сөйтіп, асылтұқым тізімін жасау мақсатында ауыл аралауға ерініп жүргенімізде, Ресей, Түркия және Еуропаның бірнеше елі қазақы тазыны «Орта Азия борзайы» атауымен патенттеуге құжат әзірлеуді көздеп қойыпты. Олардың төбетті сырттай Ресейдің ұлттық иттерінің бірі етіп, «Азия овчаркасы» санатына теліп қойғанына қарағанда, бұл істің де қолдарынан келетініне күмән жоқ. Өйткені БҚО тұрғыны Рауан Сатыбалдиев:
Тазы ұстап отырған Естай Туғанбай мен «Қансонар» қоғамдық бірлестігінің мүшесі Сұлтан Әбдірайымов та осындай алауыздықтың кесірінен патенттеудің ауылы әлі алыстау болып тұрғанын растады. Ал Азия елдерінің ішінде Оңтүстік Корея мен Жапония иттерінің таза тұқымын сақтау үшін бірауыздан арнайы заң қабылдаған. Түріктер иттерін патенттегеннен бөлек, тіпті оның қорғалуын Қорғаныс министрлігі қатаң қадағалайтын болған. Сондай-ақ Түрікменстан шекарасынан бір алабайды алып өтпек болсаң, түрмеге қамаласың.
Айта кетсек, «Қансонар» қоғамдық бірлестігінің басшысы Оралбай Әбдікәрімов қазақ тазысын халықаралық деңгейге шығару үшін Астана қаласының әкімдері мен президентке және Бельгиядағы FCI атты халықаралық ит бағу федерациясына дейін хат жолдап келген. Соның нәтижесі енді шығатын түрі бар.
Бұл ретте арнайы питомник ашып, тазыны жоғарыда аталған елдер сияқты мемлекеттік деңгейде қамқорлыққа алмасақ, FCI-дің «қазақтың иті» деп мойындай салуы неғайбыл.
Алабайдың атасы – қазақы төбет
Төбеттің археологтер тапқан ең көне сүйегімен сәйкес келетін дерекке сүйенген тарихшылар сол дәу иттің қазақ қолындағы дәурені б.з.д. 1121 жылы басталған деседі. Ал әйгілі саяхатшы Марко Поло XIII ғасырда қазақ даласына табан тіреп, сол сәттегі естелігінде біздің төбетті «Тайыншадай биік денелі иттер түз тағыларын аулауда, күзетте және ауыр жұмыстарда тамаша серік сияқты» деп жазыпты. Сондай-ақ кезінде этнограф ғалым Жағда Бабалықұлы да бұл асылтұқымды итті:
Жалпы, осынау қазақы иттің таутөбет, маңтөбет, бәйтөбет деген үш түрі бар. Таутөбет – Жағда Бабалықұлы айтқан ең ірісі. Қыста үйшікке жатпай, «мұз төсеніп, қар жамылып» жата береді. Маңтөбет – далада күні бойы мал күзететін, қасқыр алатын ит. Төбеттің осы түрі иесі қайтыс болса, оны моласының басында жатып қайғырады екен. Бәйтөбет – тықыр жүнді, жазық маңдай, арқасы сәл қайқы біткен ірі тұқым. Үстіңгі ерні қалың, иегі жалпақ, дөңес қабақты, құлағы бас терісінен үшбұрыш болып төменірек біткен, қарны кеуде тұсымен деңгейлес, жамбасы белімен тұтасқан ит.
Мамандардың айтуынша, 1940 жылғы санақ бойынша Қазақстанда 19 мыңдай төбет болған. Ал қазір небәрі 1 мыңның айналасында десек, оның 170-і ғана таза қанды көрінеді. Себебі олар 1966 жылы Қытайдағы, 70-жылдары Қазақстандағы мәдениет төңкерісі кезінде «ескіліктің сарқыншағы» ретінде жоғала бастаған. Тіпті, Қытайдың жаңа жыл мерекесінде ит сою дәстүріне сәйкес, «қазақ төбетінің еті дәмді» деген желеумен қытайлар қорадағы итті қоймайтын болыпты.
Кейін тәуелсіздік алып, жоғымызды түгендей бастадық. Осылайша, үркіншілік жылдары қазақ байларымен бірге шекара асып кетіп, Қытай, Моңғолия жеріндегі Алтай қазақтарында және Түркиядағы қандастарда сақталған төбеттер жеткізіліп, олардың гені зерттелді. Бұл ретте түрікмен алабайының атасы да біздің қазақы төбет екенін ескерте кеткен жөн. Олардың өзі алып иттерін бертінге дейін «алабай» демей, «қазақы төбет» деп атап келген. Өйткені төбеттер Түрікменстанға большевиктер қуғындаған адайлармен бірге жеткен. Алайда атасы қазақы төбет болғанымен, түрікмен алабайы – әбден қаны бұзылған ит. Сондықтан олар ызақор, қабаған болып келеді. Тіпті, алдындағы тамағын қызғанып, өзінің иесін де жеп қоюға даяр тұрады. Қазақы төбет болса, керісінше, көрінгенге шабаланып үрмейді, байлаусыз жүрсе де адам қаппайды. Тек бөтен адам келсе ғана маңқ етіп үріп, дыбыс береді. Балалар онымен ойнап, үстіне де атша мініп алып жүре береді. Әдетте еріншек көрінетін тайыншадай төбеттер қасқыр көрсе көзі жанып, ширығып шыға келеді. Ал қалыпты психикасы бұзылмаса, ит таласына түспейді.
Сондықтан Астанада таза қанды тазы мен төбет орталығы ашылды.
Төбет әлемдегі 10 ірі иттің қатарына енгенмен, «қансонарлықтар» оның таза қанды онын да таппаған. Бірлестіктің бас кинологі Инна Назаренко:
Ол аздай, қазақтың өзі сынды маңғаз төбетін қазір астаналық кинологтер есірткі заттары мен адам іздеуге пайдаланып отыр.
Ит сатып байымай-ақ қоялық!
Тақырыпқа тұздық ету үшін қазақы тазы мен төбетті сататын питомниктерді іздеп көрдік. Хабарландырулар толып тұр екен. Таза қанды иттер емес екені түсінікті.
Жаңақорғандық жігіт болса, төбет күшігін 30-50 мың теңге аралығында, ірілерін 150 мың теңгеге сатуды кәсіпке айналдырған. Алабай болса керек, әйтеуір олар күніне 10-15 келі шикі ет жейді екен. Ал Петропавл тұрғыны итін сатпайды, бірақ сатып алады. Нақты айтқанда, ол жоғалтып алған тазысын тапқан адамға бір қой немесе ақшалай сыйлық бермек. Өйткені оның табылғаны өте маңызды.
Қарап отырсаңыз, сол тазы мен төбеттің кей күшігі 1 мың долларға дейін барады. Осы орайда қарағандылық тазы ұстаушы Құрманғазы Әлиманов:
Сондай-ақ ислам дінінде де сату мақсатында ит асырау мәкрүһ деп есептеледі. Имам Шафиғидің айтуынша, ит «нәжәсүл-ъайн», яғни «нәжістің өзі» саналып, өзге нәжіс тәрізді құнсыз затқа жатады екен. Сол себепті кез келген ит сауда заты бола алмайды. Мысалы, кезінде қасқырдың сырттанын алып, атағы алты қыр асқан тазыларын қалыңмалдық жылқыға айырбастамаған қазақтар көп болыпты. Қазақ қана емес-ау, Мұхтар Құл-Мұхаммед Виктор атты досынан бір жастағы Дауыл деген тазыны 1 мың долларға сұрағанда, ит қадірін жақсы білетін ол жауабын:
Осындай адалдықтан айнымасақ, жоғымыз түгенделіп, барымыз бағалана түсер...