Алматыда Жаңа жыл қарсаңында үйлерді жалға алу қымбаттады
Сонда да ең қымбаттары алдын ала брондалып қойған
Алматыда Жаңа жыл қарсаңында үйді жалға алу құны 1 миллион теңгеден асып кеткен. NUR.KZ солардың арасында ең қымбат 5 үйдің бағасын және сипаттамаларын ұсынды.
Бұл ретте редакция krisha.kz сайтында жарияланған жаңа жылды тойлауға арналған ең қымбат 5 үйдің тізімін жасап шыққан.
1-орын: Шымбұлақтағы шале – 1,5 миллион теңге
Шале тау шаңғысы лифтінен 5 минуттық жерде орналасқан және 8 адамға арналған.
Үйде:
- 3 жатын бөлме;
- 2жуынатын бөлме (ванна және душ);
- Ас үйде электр плитасы, пеш, микротолқынды пеш, ыдыс жуғыш машина және басқа қажетті жабдықтар бар.
Жаңа жыл түніне жалға алу құны – 3 мың доллар (шамамен 1,5 миллион теңге), бірақ шале алдын ала брондалып қойған.
2-орын: Бутаковкадағы апартамент – 1,2 миллион теңге
Бұл апартаменттің стандартты күндердегі бағасы – 600 мың теңге. Алайда Жаңа жыл түнінде 2 есе артып, 1,2 миллион теңгеге жеткен.
Бұл үйде:
- 5 жатын бөлме;
- СПА аймағы (бу бөлмесі, хаммам, бассейн);
- Караоке және бильярд;
- Үлкен асхана (20-25 адамға арналған) бар.
Сипаттамаға сәйкес, әр бөлме заманауи жабдықтармен қамтылған. Бұл апартамент те алдын ала брондалып қойған.
3-орын: Алма-Арасан маңындағы үй – 1 миллион теңге
Үшінші орында Алма-Арасан шатқалының маңында орналасқан үй тұр. Жаңа жыл түнінде 1 миллион теңгеге қонақтар кәсіби дыбыс жабдығы мен ашық жарықпен жабдықталған екі залды пайдалана алады. Сондай-ақ онда 10-12 көлікке арналған тұрақ қарастырылған, бірақ үйде ұйықтайтын орын жоқ.
4-орын: Каменское платодағы үй – 800 мың теңге
Көк-Төбеге жақын орналасқан бұл үйде:
- 5 жатын бөлме;
- 6 жуынатын бөлме;
- Спорт алаңы, ағаш монша, барбекю алаңы бар.
Үй 15 адамға арналған. Қосымша қызметтер ретінде аспаз, ыдыс жуушы қызметтері ұсынылады.
5-орын: 750 мың теңгелік үй
Тізімдегі ең «арзаны» Жаңа жыл қарсаңында 750 мың теңге тұратын үй болды. Ғимарат 500 шаршы метр аумақты алып жатыр, 40 қонақты қабылдай алады.
Бұл бағаға:
- 5 жатын бөлме;
- Банкеттер өткізуге арналған алаң;
- Караоке, проектор және түрлі-түсті жарық жүйесі кіреді.
Хаммам, ағаш монша және бильярд қосымша ақыға беріледі.
Еске сала кетсек, былтыр Алматыда Жаңа жылға орай үйді 80 мыңнан 1,5 миллион теңгеге дейінгі бағаға жалға алуға мүмкін болатын. Соның өзінде арзан жалдамалы үйлер саны азайған.