Шымкент әкімі кәсіпкерлермен шағын және орта бизнестің даму перспективаларын талқылады

Шымкент әкімі кәсіпкерлермен шағын және орта бизнестің даму перспективаларын талқылады Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі
bai-bol.kz bai-bol.kz | 13 желтоқсан, 2024

Биыл шағын және орта бизнес субъектілері үшін бөлшек салық мөлшерлемесі 4 пайыздан 2 пайызға дейін төмендеген

Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков қала кәсіпкерлерімен жыл сайынғы дәстүрлі кездесуін өткізді. Іс-шарада бизнес-қоғамдастық, салалық басқармалар, құқық қорғау және қадағалау органдары өкілдерімен ашық диалог аясында кәсіпкерлікті дамытуға қатысты өзекті мәселелер талқыланды, деп хабарлады Өңірлік коммуникациялар қызметі.

ӨКҚ-ның Instagram-дағы мәліметіне сүйенсек, әкім қалада іске асырылып жатқан инвестициялық жобаларға тоқталып, бизнеске қолайлы жағдай жасау және іскерлік белсенділікті арттыру бойынша атқарылған жұмыстарды баяндаған. Жыл басында шағын және орта бизнес субъектілері үшін бөлшек салық мөлшерлемесін 4 пайыздан 2 пайызға дейін төмендету туралы шешім қабылданған.

Сонымен қатар кәсіпкерлерге қажетті инфрақұрылым салынды және «Жұлдыз», «Бозарық» индустриялық аймақтары іске қосылды. Келесі жылы «Жұлдыз» индустриялық аймағына теміржол тарту құрылысы аяқталады.

Одан бөлек, кездесуде мемлекеттік бағдарламалар аясындағы кәсіпкерлерді қолдау құралдары талқыланып, шағын және орта бизнестің даму перспективалары туралы пікір ортаға салынды. Кәсіпкерлердің сұрақтары тыңдалып, оларға нақты жауаптар берілді.

Кездесу соңында қала әкімі Ғабит Сыздықбеков кәсіпкерлерге қаланың дамуына қосқан үлесі үшін алғыс айтып, бизнесті дамыту басты басымдықтардың бірі екенін атап өтті.

Болашақта бизнес-қоғамдастықтың ұсыныстары мен тілектерін ескере отырып, кәсіпкерлікке қолайлы жағдайларды жақсарту бағытында жүйелі жұмыстарды жалғастырамыз, - деді қала басшысы.