«Жарнамасына 20 млн теңге төледік»: Жұлдыз Әбдікәрімоваға қарсы тарап өз уәжін айтты

«Жарнамасына 20 млн теңге төледік»: Жұлдыз Әбдікәрімоваға қарсы тарап өз уәжін айтты Instagram/zhuldyzabdukarimovaofficial
bai-bol.kz bai-bol.kz | 13 желтоқсан, 2024

Ол қазір ақшасы жоқ екенін, пәтерін бір жылдан аса уақыт бойы сата алмай жүргенін айтқан

Актриса Жұлдыз Әбдікәрімова алаяқтық фактісі бойынша пресс-конференция өткізгеннен кейін екінші тарап та баспасөз жиынын ұйымдастырды.

Осы орайда Диляра Тәжімбетова TUMARGrandVillage құрылыс компаниясының актриса Жұлдыз Әбдікәрімовамен ешқандай келісімшарты жоқ екенін айтты.

Барлық келісімшарт Жұлдыздың анасы Бекзада Кемеловамен жасалды. 2021 жылдың сәуірінде мен Жұлдызбен таныстым. Менің білуімше, ол TUMARGrandVillage компанясынан зәулім үй сатып алу үшін сату бөліміне келген. Сол кезде бөлім жетекішісімен таныса отырып, өзінің жағдайын айтқан. Қазір ақшасы жоқ екенін, алайда пәтерін бір жылдан аса уақыт бойы сата алмай келе жатқанын жеткізген. Ол сол кездің өзінде өз пәтерінде тұрмай, үйді жалдап тұрып жатты. Жұлдыз сұраған жеңілдікті компания бере алмайтын болғандықтан, белгілі бір бөлігін амбассадор болып өтеуді ұсынды. Менімен танысқан соң ол пәтерді коттеджге алмастыруды сұрады. Алайда компания одан бірден бас тартты. Себебі екінші нарықтағы баспана қажет емес, – дейді Диляра Тәжімбетова.

Сондай-ақ компания өкілі актрисаның бұрынғы пәтерінде ағасы Әбілхан Тәжімбетов тұрып жатқанын растады.

Біздің бірінші кездесуіміз 4 сағатқа созылды. Жұлдыз Әбдікәрімова өзінің жағдайын айтып, анасына алып беріп жатқан пәтерге жеңілдік сұрады. Компания оның жарнама қызметі үшін ақыры 20 млн теңгені беруге келісті. Ал өз пәтерін 1 жыл бойы сата алмай жүрген актриса менен көмек сұрады. Мен кәсіпкер ағам Диар Абдуллаұлымен сөйлестім. Ол Жұлдыздың пәтерін сатып алып, кейін оны бірден сатып жіберетінін айтты. Себебі Жұлдыз Әбдікәрімова пәтердің ақшасын коттедж алуға құйды, ал ағама ол пәтер керек болмады. Оны сатқанша, пәтерде менің басқа ағам Әбілхан 6 баласымен тұрып жатты, – дейді Диляра Тәжімбетова.

Одан кейін ол өзінің үстінен тағы 6 адам арыз түсіргенін растады.

Иә, арыз жазғандар бар. Төрт адам жеке және бір заңды тұлға (компания) болып отыр. Менің өзге де кәсіпкерлігім бар. Жалғыз Жұлдыздың мәселесімен жүрген жоқпыз. Бірақ олардың арызы бизнеске қатысты. Құрылысқа, үйдің мәселесіне қатысты емес. Ол – бизнес серіктестерімнің арасында болып жатқан мәселе. Олар туралы қылмыстық іс аясында ештеңе айта алмаймын, – деді Диляра Тәжімбетова.