Билік

Бектенов: «Табысты отандық бизнес – алдымен сөредегі қазақстандық өнімдер»

Біздің зауыттар қажетті нәрсенің бәрін өздері өндіре алады, - деді премьер-министр

Үкімет басшысы Олжас Бектенов СҚО-ның ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерімен өндірісті ұлғайту перспективалары және қолдау шараларын талқылады.

Алдымен ол «Қызылжар Сүт» ЖШС заманауи сүт кешенінде «ақылды ферма» жұмысының технологиялық процесін қарап шықты. Кәсіпорында малға жем-шөп беру мен күтім жасаудан бастап, сүт алу және өңдеуге дейінгі барлық үдеріс толығымен автоматтандырылған. Үш жыл ішінде мал басы 2 еседен артық (2020 жылы 720 бас сиырдан 2023 жылы 1502 басқа дейін) өсті. Былтыр кешен 6 мың тоннадан астам сүт өндірген.

Үкімет басшысына осы жобаны іске асыру аясында СҚО-да барлығы 18 сүт фермасы құрылысының жалғасып жатқаны баяндалды. Оларды қаржыландыруға республикалық бюджеттен 17 млрд теңге бөлінген. Фермаларды іске қосу өңірде сүт өндіру көлемін жылына 690 мың тоннаға дейін, ал дайын сүт өнімдерін өндіру көлемін 215 мың тоннаға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді деп күтіледі. Алдын ала деректер бойынша, бұл – республикадағы барлық көлемнің 25%-ы.

Келесі нысан сүтті қайта өңдеу саласындағы отандық жетекші кәсіпорындардың бірі – «Масло-Дел Петропавловск» ЖШС болды. Ол 20 жылдан астам уақыт бойы табысты жұмыс істеп келеді. Былтыр онда 104,8 мың тонна дайын сүт өнімі немесе еліміздегі жалпы көлемнің 11,5%-ы өндірілген.

Сапар барысында дайын ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу және экспорттау көлемін одан әрі арттыру әлеуетінің зор екені атап өтілді. Үкімет өз тарапынан өңдеуге тапсырылған шикі сүт үшін, ал сүт өңдеу кәсіпорындарына өндірілген сары май мен ірімшік үшін субсидиялар беру арқылы дамуға жәрдемдесіп отыр.

AVAGRО ЖШС кәсіпорнында премьер-министр ауыл шаруашылығы техникасын шығару процесімен танысты. Бұл әсіресе көктемгі егіс жұмыстарының басталуы қарсаңында өзекті.

Еске сала кетсек, 26 наурызда Олжас Бектенов қазақстандық егіншілер қолданатын техниканың тозығы жеткені туралы мәселе көтерген болатын. Қазір бұл көрсеткіш 75%-дан асады. Ауыл шаруашылығы техникасын жаңартуда диқандарға қолдау көрсету туралы тапсырмалар берілді.

Ауыл шаруашылығы техникасының отандық өндірушісі AVAGRO ЖШС қазақстандық нарықта 27 жылдан бері табысты жұмыс істеп келеді. Кәсіпорында тіркемелер, өздігінен жүретін бүріккіш техника, сыйымдылықтар, тасымалдау блоктары және т.б. өнімдердің кең желісін өндіру жолға қойылған. Саладағы өндіріс көлемі 5 жыл ішінде заттай мәнде 304%-ға, 2019 жылғы 4,2 мыңнан 2023 жылы 17,2 мыңға дейін өсті. Бұл ретте жергілікті қамту үлесі 70%-ға дейін жеткізілді.

Кәсіпорын өнімдерін көріп шыққан премьер-министр салалық министрліктерге аталған жұмыстарды жеделдетуді, яғни техниканы жаңартуды қажет ететін егіншілерді отандық өндірушімен байланыстыруды тапсырды. Оған қоса, министрліктер, әкімдіктер және «Бәйтерек» холдингі кәсіпкерлерге арнайы бағдарламалар аясында мемлекеттік қолдау шараларын қолдануға жәрдемдесуге тиіс. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қарсы міндеттемелерді қолдана отырып, тек қана отандық өндірістегі ауыл шаруашылығы техникасының жеңілдетілген лизингіне 450 млрд теңге бөлу жоспарланып отыр.

Қазір Үкімет қосымша тамақ және қайта өңдеу саласын қолдау шараларының кешенді жоспарын әзірлеп жатыр. Сондай-ақ отандық ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуды ынталандыру бөлігінде мемлекеттік қолдау шаралары қайта қаралатын болады.

АӨК объектілерін аралау кезінде премьер-министрге көктемгі егіс жұмыстары, атап айтқанда, пайдасы жоғары майлы және жем-шөп алқаптарын ұлғайтуға баса назар аудара отырып, ауыл шаруашылығы дақылдарының егістіктерін әртараптандыру жайы баяндалды. Сондай-ақ өңір суармалы егіншілікте су үнемдеу технологияларын қолдануды кезең-кезеңмен ұлғайтуды, мұндай алқаптарды 2028 жылы 17,9 мың гектарға дейін жеткізуді жоспарлап отыр.