5 үй, 4 көлік, Cartier, Rolex: Перизат Қайраттан тәркіленген дүние-мүлік көрсетілді
Танымал әлемдік брендтерден киім, аяқкиім, зергерлік бұйымдар, сөмкелер табылды
Cу тасқынынан зардап шеккендерге жиналған 1,5 миллиард теңгені жымқырды деген күдікке ілінген ерікті Перизат Қайраттың жылжымайтын мүлкі, автокөліктері мен дүние-мүлкі тәркіленді.
Қаржы мониторингі агенттігі көктемгі су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға, сондай-ақ Палестина тұрғындарына гуманитарлық көмек көрсету мақсатында жиналған 1,7 млрд теңгеден аса қаражатты жымқырды деген күдікке ілінген Перизат Қайратқа қатысты тергеу жұмыстары жалғасып жатқанын мәлімдеді.
Соттың санкциясына сәйкес, Перизат Қайраттың ұрлық ақшаға сатып алынған Астана қаласындағы Akbulak Riviera, Highvill Ishim Gold, «Көк Жайлау» (тұрақ орындарын қоса алғанда), Sensata Plaza ТК, сондай-ақ Vela Village коттедж қалашығындағы элиталық жылжымайтын мүлкі, Mercedes-Benz S450, Mercedes-Benz EQE 500, Lexus LX-600, Haval автокөліктері бұғатталды.
Перизат Қайраттың тұрғылықты жерін тінту барысында қайырымдылыққа жиналған қаражатқа сатып алынған қымбат техника, Cartier, Graff, Rolex, Bulgari, Gucci, Louis Vuitton, Versace, Chopard, Hermes, Dolce & Gabbana, Prada және тағы басқа танымал әлемдік брендтерден киім, аяқкиім, зергерлік бұйымдар, сөмкелер табылып, тәркіленді, – делінген хабарламада.
Тәркіленген мүлік заттай дәлелдемелер ретінде танылып, іс материалдарына қосылады.