Камбоджадағы алдыңғы қатарлы банкті қазақ жігіттері ашқан
Камбоджалықтар қазақ екенімізді естісе, «Банкте істейсіз бе?» деп сұрайды, - дейді тұрғын
Камбоджада бірнеше жыл бойы тұрып келе жатқан Сая Жапарова жергілікті халықтың қазақтарды қалай танитыны туралы қызық оқиғаны айтып берді, деп хабарлады Azattyq Rýhy.
Сая Жапарованың отбасымен бірге Камбоджа корольдігінің астанасы – Пномпень қаласына көшіп кеткеніне 5 жыл болған. Ол халықаралық мектепте мұғалім болып жұмыс істейді. Ал жұбайы – Қазақстандағы SDU университетінің бұрынғы деканы Мейрамбек Жапаров халықаралық университетте проректор қызметін атқарады. Олар – бес баланың ата-анасы.
Оның айтуынша, камбоджалықтардың мінезі биязы, өте сыпайы халық. Олардың бір ерекшелігі мұғалім маманын қатты құрметтейді екен.
Ол жолдасы екеуі осы елде жүрген аздаған қазақ отбасының басын қосып, төл мерекелерімізді атап өтіп тұрады екен.
Сондай-ақ ол «камбоджалықтар қазақ екенімізді естісе, «Банкте істейсіз бе?» деп сұрайды» дейді. Оның себебі, Камбоджадағы алдыңғы қатарлы банкті Мәди Ақмамбет, Асхат Әжіханов атты қазақтар құрған.
Ол күйеуі екеуі – Камбоджада қазақ мәдениетін дамытып жүрген отбасы. Таяуда Прагон халықаралық университетінде ұйымдастырылған P Voice жобасында камбоджалық студент Монипор Иенг қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаевтың «Көзімнің қарасы» әнін айтып шыққан. Оған қазақша ән жаттауға Нұрайша Жұмабай көмектескен. Студент әнді 3 айдың ішінде үйреніп алған. Бұл студенттердің ағылшын тілінен басқа шет тілде шырқаған алғашқы әні екен.
Монипор Иенг атты бойжеткеннің қазақ әнін нақышына келтіріп айтып шыққаны – қазақ тілін дүниежүзіне таратудағы маңызды бір қадам.