«Ұлттық қор – балаларға»: 40 мыңнан аса жасөспірім өз үлесін қажетіне жаратты
Қаржының пайдаланылмаған қалдығы нысаналы жинақтау шотында қалады
«Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ (БЖЗҚ) «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасының кәмелетке толған қатысушыларына 4,2 млн доллар аударды, деп хабарлады қордың баспасөз қызметі.
Оның ішінде тұрғын үй жағдайын жақсарту мақсатында 2,3 млн АҚШ долларына жуық 22 623 өтініш, білім беру ақысын төлеу үшін 1,9 млн АҚШ долларынан асатын 19 176 өтініш орындалған.
Еске сала кетсек, нысаналы жинақтарды алушы барлық соманы немесе оның бір бөлігін пайдалануға құқылы. Қаржының пайдаланылмаған қалдығы нысаналы жинақтау шотында (НЖШ) қалады.
Тұрғын үйді жақсартуға арналған қаражатты пайдаланудың ең танымал қосалқы мақсаттары:
- одан әрі жинақтау үшін тұрғын үй құрылысы жинақтарындағы салымды толықтыру (2,2 млн-нан аса АҚШ долларына 21 979 өтініш орындалды);
- азаматтық-құқықтық мәмілелер бойынша меншікке тұрғын үй сатып алу (түпкілікті есеп айырысу) – шамамен 21,6 мың АҚШ долларына 215 өтініш;
- тұрғын үй сатып алуға ипотекалық тұрғын үй қарызын алу үшін бастапқы жарнаны енгізу – шамамен 17,7 мың АҚШ долларына 176 өтініш.
Білім беру ақысын төлеу шеңберіндегі ең танымал қосалқы мақсаттар:
- Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан білім беру ұйымдарының білім беру қызметтеріне үлестермен (әрбір академиялық кезең немесе оқу жылы үшін) немесе толық көлемде бір мезгілде (бүкіл оқу мерзімі үшін) ақы төлеу (1,6 млн-ға жуық АҚШ долларына 15 885 өтініш орындалды);
- білім беру жинақтау салымы туралы шарт бойынша білім беру жинақтау салымын толықтыру (248,6 мыңға жуық АҚШ долларына 2 477 өтініш орындалды);
- шетелдік білім беру ұйымдарының білім беру қызметтеріне үлестермен (әрбір академиялық кезең немесе оқу жылы үшін) немесе толық көлемде біржолғы (бүкіл оқу мерзімі үшін) ақы төлеу (70,4 мыңнан аса АҚШ долларына 702 өтініш орындалды) төлем жасау.
Жалпы, «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасына сәйкес Ұлттық қордың инвестициялық кірісінің 50% мөлшері жылына бір рет, 2006 жылы және одан кейін туған Қазақстан Республикасының азаматы саналатын балаларға теңдей бөлінеді.