Ел өңірлерінде айран қаншадан сатылып жатыр? - арнайы шолу
Орташа бағаны анықтау үшін майлылығы 2,5% 1 литр айран негізге алынған
Айран – күнделікті тұтынатын ағарғанның бірі. Оның үстіне ақуыз, май және микроэлементтерге толы пайдалы өнім. Сондықтан Kazinform тілшісі өңірлердегі айран бағасына шолу жасап көрген.
Дүкен айранының бағасы 290 теңгеден басталады. Орташа бағаны анықтау үшін майлылығы 2,5% 1 литр айран негізге алынған. Қапталған айранның ең төменгі бағасы Талдықорғанда литрі 290 теңге, ал Петропавлда литрі 310-668 теңге тұрады. Оралда айранның литрі 356-562 теңге, ал Шымкентте 386 теңгеден басталып, 500 теңгеге дейін сатылып жатыр. Салыстырмалы түрде арзан айранды Павлодардан сатып алуға болады, ол өңірден 373-449 теңге аралығында 1 литр айран аласыз.
Елорда тұрғындары 1 литр айранды (сөрелерде отандық және шетелдік өндірушілердің өнімдері ұсынылған) 430-605 теңге аралығында сатып ала алады.
Қызылордада қапталған айранның (кефир) литрін 450-500 теңге аралығында сатып жатыр.
Қарағандыда жергілікті өндіріс айранының литрі 450-480 теңгеден, ал сырттан әкелінген 1 литр айранның бағасы 500 теңгеден басталады. Жезқазғанда жергілікті өндірілген айранның литрі 495 теңгеден және әкелінген айранның бағасы 550 теңге (1 литрі) тұрады.
Көкшетауда қапталған айранның литрі 458-648 теңге аралығында сатылып жатыр. Таразда баға 465 теңгеден 585 теңгеге дейін жетеді.
Қостанайлық тұтынушылар жергілікті өнімді қолдайды, сондықтан дүкен сөрелерінде негізінен отандық сүт зауыттарының тауарлары бар. Бағасы литріне 469 теңгеден 529 теңгеге дейін барады.
Түркістанда 1 литр айран 500-650 теңгеге тұрады. Ақтауда айран бағасы салыстырмалы түрде қымбат – литрі 508-764 теңге тұрады. Ал Ақтөбеде 515 теңгеден 629 теңге аралығында сатылып жатыр.
Өскемен мен Семейде айранның (кефир) литрі – 600 теңге, Алматы мен Қонаев қаласында – 600-885 теңге болса, Атырау айранның жоғары бағасымен ерекшеленеді, ол өңірде 1 литрі – 608 теңге.
Түрік айраны қанша тұрады?
Түрік айраны мен дүкендегі қапталған айранды өте ұқсас деп санаса да дәмінде айырмашылық бар. Екі өнімнің дәмі мен дайындығы әртүрлі. Сатылым жағынан алып қарасақ, еліміздің кейбір аймақтарында қолдың айраны аса сұранысқа ие емес.
Дүкен сөрелерінде көбіне майлылығы 1% «түрік айраны» ұсынылған, оның салмағы 300-330 грамм шыныаяқтарда немесе бөтелкелер мен пакеттерде сатылады. Оның классикалық түрлері де бар.
Көкшетауда түрік айранының 300 грамы 155 теңге, ал литрі 465 теңге тұрады. Бағасы төмен тағы бір қала – Талдықорған. Онда 300 грамм айранды 175 теңгеге, ал литрін 575 теңгеге сатып алуға болады.
Оралда айранның 300 грамы 235-300 теңге, ал литрі 580 теңге болады. Таразда 300 грамм айранның құны 250-300 теңгені қамтиды, ал 1 литр түрік айранының бағасы – 560 теңге. Ақтау қаласында айран – 264-294 теңге, литрі – 629 теңге.
Астанада, Алматыда және Қонаевта 300 грамм айранды 280-300 теңгеге сатып алуға болады. Елордада 1 литр түрік айранының бағасы – 570 теңге.
Түркістан мен Қызылордада түрік айранының литрі үшін 330 теңгеден 400 теңгеге дейін төлейсіз. Павлодарлықтар 1 литр айранды шамамен 374 теңгеге сатып алып жатыр.
Қарағандыда 1 литр айранның құны 429 теңге, ал Жезқазғанда 471 теңге тұрады.
472 теңгеге 1 литр түрік айранын Шымкенттен, 495 теңгеге Ақтөбеден, 500 теңгеге Өскемен мен Семейден сатып алуға болады. Ал Петропавлда 1 литр айран 497-708 теңге тұрады. Қостанайда түрік айранының литрі – 570 теңге. Айранның бағасы Атырауда неғұрлым қымбат болып шықты. Онда литрі 638 теңгеге сатылады.