Жұманғарин арзан шұжықтың неге өзімізде шығарылмайтынын айтты
2027-2028 жылдарға қарай өзімізді сапалы шұжықпен толығымен қамтамасыз ете аламыз, - дейді ол
Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин өзімізде шығарылатын шұжық өнімдері не себепті қымбат болатынын айтты.
Ресми мәліметке сәйкес, Қазақстанда шұжық өнімдерінің 60 пайызы шығарылып, қалғаны сырттан келеді. Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғариннің айтуынша, бізде еттің сапасы жоғары. Одан шұжық жасаса, бағасы да қымбат шығады.
Оның айтуынша, келесі жылы Аустралия тәжірибесі негізінде тауарлық мал шаруашылығын дамыту жобасы қолға алынады. Ол Түркістан облысында басталады.
Бұдан бөлек, құс етін шығару бойынша да ірі жобалар бар. Солардың арқасында 1-2 жылдың ішінде қазақстандық құс етін экспортқа шығаруға мүмкіндік бар. Қазір біз осы өніммен өзімізді 73 пайыз ғана қамтамасыз етіп отыр екенбіз.