БЖЗҚ-дан ақша алу: келесі жылға арналған ең төменгі жеткілікті шек айтылды

БЖЗҚ-дан ақша алу: келесі жылға арналған ең төменгі жеткілікті шек айтылды baiterek.gov.kz
bai-bol.kz bai-bol.kz | 6 желтоқсан, 2024

Ол адамның жасына байланысты 3-10 млн теңге арасында болады

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) 2025 жылға арналған зейнетақы жинақтарының ең төменгі жеткілікті шегін өзгеріссіз қалдырды.

Сонымен, жеткілікті шек шамамен 2023-2024 жылдар деңгейінде қалды және жасына байланысты 3-10 миллион теңге арасында болады. 20 жастағы қазақстандықтар үшін бұл көрсеткіш 3 миллион 260 мың теңге, 30 жастағыларға 4 миллион 580 мың теңге, 40 жастағылар үшін 6 миллион 100 мың теңге болмақ.

Осыған орай, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры не себепті ең төменгі жеткілікті шекті өзгеріссіз қалдырғанын түсіндірді.

Жекелеген әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің ұлғаюына қарамастан, ең төменгі жеткілікті шек мөлшерінің бір деңгейде сақталуы ішінара ең төменгі жалақы және зейнетақы жинақтарының табыстылығының болжамды жылдық пайыздық нормасы сияқты маңызды параметрлердің өзгеріссіз қалуымен байланысты, – делінген хабарламада.

Қор мәліметінше, келесі жылға арналған ең төменгi жеткiлiктi шектi есептеу кезiнде мынадай әлеуметтiк-экономикалық көрсеткiштер ескерілген:

  • Ең төменгі жалақы – 85 000 теңге;
  • Мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің ең төменгі мөлшері – 32 360 теңге;
  • Ең төменгі зейнетақы – 62 771 теңге;
  • Базалық әлеуметтік төлемдердің мөлшерін есептеу үшін ең төменгі күнкөріс минимумы – 46 228 теңге.

Ең төменгі жеткілікті шек – белгіленген ең төменгі зейнетақы деңгейінен төмен емес ай сайынғы зейнетақымен қамтамасыз ететін зейнетақы жинақтарының ең төменгі мөлшері. Сондай-ақ ол – зейнет жасына жеткен адамның зейнетақы шотындағы ақша. Бұл ең төменгі зейнетақы деңгейіне сәйкес зейнетақы төлемдерін және жасы келген адамдардың табысының тұрақтылығын қамтамасыз етеді.