Әмиян

Pinduoduo-ға тапсырыс: 900 теңгенің әмиянынан 32 500 теңге шықты (ВИДЕО)

Қыз басында Қытай валютасының түпнұсқа немесе жалған екенін ажырата алмаған

Атыраулық қыз қытайлық Pinduoduo маркетплейсінен әмиянға тапсырыс беріп, олжалы болды. Ол әмияннан ақшаны қалай тауып алғанын желідегі парақшасында айтып берді.

Айтуынша, ол Pinduoduo-ға 900 теңгенің әмиянына тапсырыс берген. Әмиян келген соң ішіндегі қағаздарын алып, орнына ақша салып жатқанда ішінен 500 юань тауып алған. Алайда ол табылған Қытай валютасының түпнұсқа немесе жалған екенін ажырата алмаған. Сөйтіп рас-өтірігін білу үшін валюта айырбастайтын пунктке барған.

Ол валюта айырбастаушыдан оқырманның өтінішімен ақшаны ауыстырып жатқан сәтін видеоға түсіруге рұқсат сұраған.

Қыздың «Мұнда 500 юань. Өтірік не шын екенін қарап бересіз бе?» деген өтінішін жерге қалдырмай, ақша айырбастау пунктінің қызметкері оның түпнұсқа екенін айтып, есептеп берген. Нәтижесінде 500 юань 32 500 теңгеге бағаланды.

Желі қолданушылары ойда-жоқта олжалы болған қызға қызығып, «Зауытта біреу ақшасын тығып, ұмытып кеткен ғой», «Алла несібеңізді Қытайдан жіберіп тұр», «Бәріміз әмиянға тапсырыс берейік» дегендей пікірлер жазып жатыр.