Ұлттық экономика министрі жәрдемақы мөлшерінің қаншаға артатынын мәлімдеді
Ол үшін келесі жылға 6 трлн теңгеден аса қаражат қарастырылған
Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров 2025 жылы елімізде зейнетақы мен жәрдемақының индекстелетінін мәлімдеді.
Оның айтуынша, 2025 жылдың басынан бастап балалы отбасыларға төленетін барлық жәрдемақы мөлшері 6,5%-ға индекстеледі.
Биыл қаңтардан бастап барлық зейнетақы мен жәрдемақы жыл сайын инфляция деңгейін ескере отырып индекстеледі. 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап ынтымақты зейнетақы 8,5%-ға, әлеуметтік жәрдемақылар мен базалық зейнетақы 6,5%-ға индекстеледі, – деді министр.
2025 жылға арналған республикалық бюджетте 42 түрлі әлеуметтік төлемдер бойынша 6 триллион теңгеден аса қаражат қарастырылған. Бұл – 2024 жылмен салыстырғанда 12,5%-ға артық. Республикалық бюджеттен және мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан 2 миллионға жуық қазақстандық отбасы жәрдемақы мен әлеуметтік төлем алады.
Балалы отбасыларға арналған жәрдемақыларды төлеуге 2025 жылға арналған республикалық бюджетте 875,1 миллиард теңге қарастырылған. Аз қамтылған азаматтарды әлеуметтік қолдау атаулы әлеуметтік көмек көрсету арқылы жалғасады. 2023 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша, 76 мың отбасы немесе 403 мың адам атаулы әлеуметтік көмек алды, – деді Нұрлан Байбазаров.