Бұқара

Елімізде қайыршылықты кәсіп етіп алғандар көбейген

Қазір екі қолға бір күрек табылмайды дегенге ешкім сенбейді

Қазір елімізде «жолға жетпей тұр еді» немесе «нанға ақша беріңізші» деп тіленетіндер аз емес. Ол адам расымен мұқтаж ба, әлде қайыр тілеуді табыс көзіне айналдырып алған ба? Тіпті сол жинаған ақшасына ішімдік ішетіндер де бар. Бұл туралы «Астана» телеарнасы хабарлады.

Бұрын көшеге қайыр тілеп шығу тегі Үндістанға байланысты белгілі ұлттың шаруасы деген пікір басым еді. Ал қазір түрлі өтінішпен адамдардан көмек сұрап, тіпті, банк қосымшасындағы нөмірі жазылған қағазбен келетіндердің саны көбейген. Қайыршылық күнкөрістің соңғы аялдамасы дейтінбіз. Сөйтсек, оны табыс көзіне айналдырып алғандар жеткілікті екен.

Өзінде ақша бола тұра, қайыр сұрау – харам. Ал тепсе темір үзетін жігіттердікі тіпті ерсі. Діни басқармадағылар қарызданып болса да кәсіп бастаған жөн дейді. Одан қалды, қазір екі қолға бір күрек табылмайды дегенге ешкім сенбейді. Әсіресе, үлкен қалаларда жұмысшы таппай жүрген мекеме көп.

Заңда қайыршылық деп жазылған нақты бап жоқ. Десе де қайыршылардың қаптап кетуіне Қылмыстық кодексті кінәламау керек дейді заңгер Жандос Тұяқов.

Қайыршылармен күреске еуропалықтар білек сыбана кіріскен. Әсіресе, Еуропалық Одақ елдерінде заң қатал. Италияда туристер көп келетін жерде қайыр тілегендер 25 еуродан 500 еуроға дейін айыппұл арқалайды. Ал Германияда ең төменгі айыппұлдың өзі 750 еуродан басталады. Дегенмен Швеция мен Швейцарияда заңды түрде тіркеліп, осылай нәпақа табуға болады.