Бұқара

Қытайда ірі банктің парақор басшысы өлім жазасына кесілді

63 жастағы банкир Қытай банкінің төрағасы болып 2019 жылы тағайындалған

Қытайдың ірі банкі Bank of China-ның бұрынғы басшысы Лю Лянь сыбайлас жемқорлық пен заңсыз несие бергені үшін өлім жазасына кесілді.

Оған шамамен 121 миллион юань (8,3 миллиард теңге) пара алды деген айып тағылған. Алайда үкімді орындау 2 жылға шартты түрде тоқтатылды.

Банктің директорлар кеңесінің бұрынғы төрағасы барлық саяси құқықтарынан айырылып, мүлкі, соның ішінде заңсыз жолмен алынған активтері тәркіленді.

Екі жыл ішінде Лю Лянь басқа қылмыс жасамаса, өлім жазасы өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырылады.

Айта кетсек, 63 жастағы банкир Қытай банкінің төрағасы болып 2019 жылы тағайындалған. Оған дейін Қытай Халық банкі мен экспорт-импорт банкін қоса алғанда, банк және қаржы институттарында жұмыс істеген.

Лю Лянь былтыр қазан айында қамауға алынған. Елдің қаржы секторындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы ауқымды тексерулер жүргізілді. CCDI мәліметінше, тексеріс барысында 30-дан аса ірі мемлекеттік компания күдікке іліккен.