Жетісу облысында пробациялық бақылаудағы көпбалалы әке кәсіп ашты
Ауданда биыл 58 адам қайтарымсыз грант алуға өтініш беріп, оның 18-і мемлекет қолдауына ие болған
Жетісу облысында пробация есебіндегі азамат 1,5 млн теңге қайтарымсыз грант алып, жеке кәсіп ашты. Бұл туралы Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Көпбалалы әрі жалғызбасты әкенің жеке бизнесін бастауына аудан әкімдігі мен жергілікті прокуратура мұрындық болып отыр.
Қаратал ауданының тұрғыны, 5 баланың әкесі, пробация бақылауындағы Бекзат Өтежанов тағдырдың қиындығымен күресе жүріп, отбасының тіршілігі үшін өзінің жекеменшік шиномонтаж орталығын ашуды көптен бері ойлағанын айтады. Оның бұл арманының орындалуына мемлекет тарапынан берілген қайтарымсыз гранттың үлкен көмегі тиген.
Қаратал аудандық әкімдігінің мәліметінше, жалпы ауданда жыл басынан бері 58 адам қайтарымсыз грант алуға өтініш беріп, оның 18-і мемлекет қолдауына ие болған.
Жалпы, Жетісу облысында шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 60,7 болса, осы салада жұмыс істейтін азаматтардың саны – 104,7 мың. Салада өткен 10 айда өндірілген өнім мен көрсетілген қызметтердің көлемі 491,5 млрд теңгені қамтыды. Бюджетке түсетін салық түсімдері 2023 жылғы деңгеймен салыстырғанда, 1,3 есе өсті. Қазір ШОБ-тағы жалпы өңірлік өнімдегі үлесі 33%-дан асады.