ШҚО әкімдігі 8 блогерге 9,8 млн теңге төлеп, демалыс орындарын жарнамалатпақ
Әрқайсысының Instagram-да кемінде 50 мың жазылушысы болуы қажет
Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасына қарасты «Шығыс Қазақстан облысының туристік ақпараттық орталығы» 9,8 млн теңге ұсына отырып, ақпараттық турдың тендерін жариялады, деп жазды Azattyq Rýhy.
Лоттың техникалық құжаттамасына қарасақ, әкімдік блогерлерді 2024 жылдың желтоқсаны бастала сала күтеді. Бастысы, ақпараттық тур 23 желтоқсанға дейін өтіп қоюы керек. Әкімдіктің ең маңызды талабы – тендерді жеңіп алған компанияның туроператор ретінде тіркелген лицензиясы болуы шарт.
Бұл лот үшін ШҚО әкімдігіне қарасты мекеме 9,8 млн теңге бөлген. Мемлекеттік сатып алудың ережелеріне сәйкеес, қай турагенттік ең төмен баға ұсынса, сол компания жеңімпаз атанады.
Жалпы, тур Шығыс Қазақстан облысының қысқы демалыс орындарын жарнамалауды көздейді. Өйткені техникалық құжаттамада жазылғандай, блогерлер Шығыс Қазақстан облысының Глубокое ауданында кемінде 2 тау шаңғы курортын, Быструха ауылының жанында кемінде 1 экоқонақүйді, Таулы Үлбі ауылының жанында кемінде 1 экостильдегі мейрамхананы, Черемшанка, Таулы Үлбі, Быструха ауылдарындағы кемінде 2 демалыс базасын, кемінде 1 бал шығаратын цехты аралап, жарнамалауға тиіс. Сонымен қатар, олар Риддер қаласында кемі 3 демалыс базасын, кемінде 1 тау шаңғысы курортын, кемінде 3 мейрамхана, кемінде 2 фрирайд базасы, кемінде 1 биік таулы базаны және Ұлан ауданындағы Сібе көлдерін аралауы керек.