Әмиян

Орташа жалақысы – 597 мың теңге: ДСМ дәрігерлердің айлық табысын жария етті

2023 пен 2024 жылдың айлықтарында еш өзгеріс жоқ, өйткені биыл жалақы өспеген

Денсаулық сақтау министрлігі Stan.kz тілшісінің 2024 жылғы еліміздегі ақ халаттылардың айлығы туралы сұрауына жауап берген. Бұл ретте ведомство қазақстандық дәрігерлердің орташа жалақысы 597 мың теңге болып белгіленгенін мәлім етті.

Сондай-ақ министрлік өкілі медицина қызметкерлері жұмыс өтіліне және біліктілігіне қарай айлық алатынын айтты. Ал редакция тілшісі дәрігерлердің жалақысын былтырығымен салыстырып көрген. 

Министрліктің мәліметінше, 2020 жылдан 2023 жылға дейін, яғни 4 жыл аралығында медицина қызметкерлерінің жалақысын жыл сайын арттыру жоспарланған. Атап айтқанда, дәрігердің айлығы 30%, орта медицина қызметкерінің (фельшер, акушер, мейіргер, санитарлық фельдшер) жалақысы 20% көбейген.

2024 жылдың үшінші тоқсаны бойынша жалақы мөлшері мынадай (бір ставка):

  • Санаты жоқ, жұмыс өтілі 1 жылға дейінгі ауыл дәрігерінің жалақысы – 306,8 мың теңге болса, қалада дәрігерлер 384,4 мың теңге айлық алады.
  • 2023 жылы еңбек тәжірибесі 1 жылға дейінгі, ешқандай санатқа жатпайтын дәрігерлердің жалақысы шамамен 306,8 мың теңге болды.

Биыл 1-санатты, 13-16 жыл жұмыс өтілі бар орта буынды медицина қызметкерлерінің айлығы 222,5 мың теңге болып белгіленді. Бұл санат бойынша ауылда жұмыс істейтін орта буынды медицина қызметкерлері 245,9 мың теңге, ал қалада 199,2 мың теңге жалақы алады.

Ал 1-санатты, 13-16 жыл жұмыс өтілі бар дәрігердің жалақысы – 401,5 мың теңге. Бұл санаттағы дәрігерлер ауылда 445,5 мың теңге жалақы алса, қалалық дәрігерлерге 357,5 мың теңге айлық белгіленген. Айта кетсек, былтыр 13-16 жыл еңбек өтілі (1 ставка) бар бірінші санатты жалпы тәжірибелік дәрігердің жалақысы шамамен 384 мың теңге еді.

Ал 1-санатты, еңбек өтілі 20 жылдан жоғары ауылда тұратын жалпы тәжірибелік дәрігерлер 400,7 мың теңге, қалалықтар 501,7 мың теңге жалақы алады. Былтыр еңбек өтілі 25 жылдан асатын (1 ставка) жоғары санатты жалпы тәжірибелік дәрігердің жалақысы шамамен 430,6 мың теңге еді.

Сонымен қатар жергілікті атқарушы органдардың ақпаратына сәйкес, 2024 жылы қосымша төлемдерді, ақылы қызметтерді, кешенді жан басына шаққандағы нормативтің ынталандырушы компоненті бойынша төлемдерді, сараланған төлемдерді ескере отырып, орташа жалақы (ел бойынша):

  • Дәрігердікі – 597 мың теңге;
  • Орта медицина қызметкерінікі 307 мың теңге болды.

Ал 2023 жылы Қазақстан бойынша дәрігерлердің орташа жалақысы қосымша төлемдерді, ақылы қызметтерді, жан басына шаққандағы нормативтің ынталандырушы компоненті бойынша және сараланған төлемдерді есепке алғанда 519 мың теңгеге тең болды.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, дәрігерлердің айлығы қызметкердің жұмыс өтіліне, біліктілігіне, орындалатын жұмыстың күрделілігіне, санына және сапасына, сондай-ақ еңбек жағдайларына қарай сараланып, белгіленеді.

Сондай-ақ ведомство өкілдері дәрігерлердің айлығы бір деңгейде тұрып қалмайтынын айтады.

Бұл ретте министрлік 2024 жылға бекітілген бюджеттің шығындарында медициналық қызметкерлердің жалақысын арттыру көзделмегенін мәлімдеді.

Медицина қызметкерлерін ынталандыру мақсатында 2020-2023 жыл аралығында медицина қызметкерлерінің айлығы кезең-кезеңімен көтерілді: дәрігерлердікі – 30%, ал фельдшерлердің жалақысы 20% өсті.