Алматы тұрғыны ақаулы электромобиль сатқан салоннан 48 млн теңге өндіріп алды
Өтемақының мөлшеріне қарағанда, ол люкс санатындағы электромобиль сатып алған
Алматылық ер адам қаладағы автосалондардың бірінен электрокар сатып алып, кейін оның батареясынан ақау шыққан. Бастапқыда ол ақауды жоюды сұрағанмен, орталық келіспей, ақшаны қайтармай қойған. Соңында тұрғын Тұтынушылардың құқығын қорғау комитетіне жүгінуге мәжбүр болған.
Жәбірленуші автосалонға бірнеше рет барып, келісімшартты бұзып, ақшасын қайтаруды талап еткен. Бірақ одан орталық бас тартқан. Мәселе тек мемлекеттік органдардың араласуынан кейін шешімін тапқан. Осылайша, тұрғын Алматыдағы сауда және тұтынушылардың құқығын қорғау департаментіне жүгініп, 48 миллион теңге өндіріп алды.
Алынған өтемақының мөлшеріне қарағанда, ол люкс санатындағы электромобиль сатып алғанға ұқсайды.
Қала автосалондарынан алуға болатын бірнеше электрокарлар осы критерийлерге сәйкес келеді:
- Kia EV9 – 42 млн теңге;
- Audi Q8 e-tron – 47 430 000 теңге;
- Tesla Model X – 49 млн теңге;
- Hongqi E-HS9 – 50 млн теңге.
Stan.kz тілшісі комитетке хабарласып, істің жай-жапсарын сұрап білген. Алайда олар ер адамның аты-жөнін және қай автосалон екенін атаудан бас тартқан.
Ведомство мәліметінше, қазақстандықтардың көп жүгінетін мәселесі – автомобиль саласы. Жыл басынан бері резонанстық істер бойынша 50-ден аса қазақстандық 756 млн теңге көлемінде өтемақы алған. Сонымен қатар биыл 43 мыңнан аса азамат арызданған. Бұл – былтырға қарағанда, 10 мыңға көп.
Осы тұста сатып алған электромобиль зақымдалған жағдайда не істеу керектігін адвокат Әбдіғани Нұрлат айтып берді.
Сонымен қатар ол шағымды тіркеу кітабына енгізуге талап қою қажет екенін айтады.
Оның айтуынша, кез келген адам Азаматтық кодекстегі 406-бапқа сәйкес («Сатып алу-сату шарты») сапасыз тауар жағдайында шартты бұзу немесе бағасын азайтуды талап ете алады. Бұдан бөлек, 427 бап («Тауар сапасын тексеру») және 428-бап («Тиiстi сапасы жоқ тауар берудiң зардаптары») негізінде көліктің жарамдылық мерзімі ішінде ақауды тегін жою немесе ауыстыруға мүмкіндіктері бар. 9 («Азаматтық құқықтарды қорғау») және 921-баптарда («Заңды тұлғаның немесе азаматтың өз қызметкерi келтiрген зиян үшiн жауапкершiлiгi») көрсетілгендей, қазақстандықтар сатып алушыдан материалдық және моральдық шығынды өтеуге міндеттей алады. Соңғы кезең – сотқа жүгініп, өз талабын енгізе алады.