Депутаттар IT саласына бөлінген қаржыны «жасырын тонау» деп есептейді
Astana Hub-тың қанша қаражат тауып, оны қайда жұмсап жатқанын ешкім білмейді
Мәжілісте IT саласын дамытуға бөлінген қаражаттың тиімділігі туралы қызу талқы болды. Депутаттар инновациялық жобаларды мемлекеттік қолдауға бөлінген миллиардтардың қайда жұмсалғанын анықтауға тырысты. Бұл туралы Stan.kz хабарлады.
Парламентарийлер Astana Hub технопаркінің басшылығы мен оның қаржылық есептілігіне күмән келтіріп, Цифрлық даму министрлігінің өкілінен нақты түсінік талап етті. Осы орайда, Мәжіліс депутаты Анас Баққожаев технопаркке берілген салық жеңілдіктері мен миллиардтаған қаражаттың қайтарымсыз жұмсалып жатқанын алға тартты.
Вице-министрдің айтуынша, соңғы жылдары IT-саласы мен Astana Hub жобаларының экспорты 10 есе өсіп, жалпы көлемі 500 миллиард теңгеге жеткен. Алайда бұл мәліметтер депутаттардың күмәнін сейілте алмады. Мәжілісмен Мұқаш Ескендіров те технопарк қызметінің адалдығына сенімсіздік танытты.
Мәжіліс отырысында кейбір заңнамалық өзгерістерге қатысты да сын айтылды. Депутат Бақытжан Базарбек жаңа түзетулерді «жасырын тонауға» теңеп, бұл нормалардың болашақта үлкен мәселелер тудыруы мүмкін екенін ескертті.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің бірінші вице-министрі Қаныш Төлеушин депутаттарды салық жеңілдіктерін қысқартпауға шақырды. Оның айтуынша, жеңілдіктер Қазақстанға халықаралық компанияларды тартуға мүмкіндік беріп отыр.
Сондай-ақ депутат Екатерина Смышляева инновациялық саланы дамыту мақсатында салық жеңілдіктері мен арнайы экономикалық аймақтардың құрылуы әлемдік тәжірибе екенін атап өтті. Дегенмен ол министрлікке IT саласының Қазақстан экономикасына нақты әсерін бағалайтын әдістеме әзірлеуді ұсынды.