Бұқара

Белсенді Перизат Қайрат 1,5 млрд теңгеден аса қаражатты талан-таражға салған

Дубай, Доха, Лондон, Стамбулдағы бес жұлдызды қонақ үйлерде демалған

ҚМА еріктілер қозғалысының белсендісі және қоғамдық қайырымдылық қорының құрылтайшысы Перизат Қайратқа қатысты тергеу жүргізіп жатыр, деп мәлімдеді Қаржылық мониторинг агенттігі.

Биыл көктемде ол елордадағы автосалондардан 88 млн теңгеге Mercedes-Benz S450, 80 млн теңгеге Lexus LX-600 және 39 млн теңгеге Haval автокөліктерін сатып алған. Осы кезеңде жалпы сомасы 600 млн теңгені қамтитын елорданың премиум санаттағы Akbulak Riviera, Highvill Ishim Gold, «Көк Жайлау» ТК (тұрақ орындарын қоса алғанда), сондай-ақ Vela Village коттедж қалашығында жылжымайтын мүлік нысандарын сатып алған.

Сонымен қатар, қазақстандықтардың қайырымдылыққа жіберген қаражаты есебінен Перизат Қайрат Дубай, Доха, Лондон және Стамбулдағы St. Regis, Shangri-La, Palazzo Versace және Kempinski сияқты бес жұлдызды қонақ үйлерде демалған. Бұл елдерде ол Cartier және Louis Vuitton сияқты брендтердің қымбат аксессуарлары мен зергерлік бұйымдарын сатып алып, фешенебельді мейрамханаларға барып, яхталарды жалдаған.

Күдікті ұсталды. Егер сіз Перизат Қайраттың алаяқтық әрекеттерінің құрбаны болсаңыз, Қаржылық мониторинг агенттігіне немесе +7 (7172) 70-33-89 (қос.21384) телефон нөмірі бойынша хабарласуыңызға болады.

Кейін Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева «Біз біргеміз» қайырымдылық қорының құрылтайшысы Перизат Қайраттың жемқорлық фактісі бойынша ұсталуына қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, мұндай жағдайлар қайырымдылық көмек көрсету механизмдерін жетілдіру керектігін дәлелдейді.