Билік

Министр қайырымдылыққа деп ақша жинауға қатысты пікір білдірді

Мәселе талқыланып жатыр, жұмыс тобы құрылды, - деді Аида Балаева

Мәжіліс кулуарында Мәдениет және ақпарат министріне «Қазақстанда қайырымдылық мақсатта жеке тұлғалардың жеке карталарына ақша жинауға тыйым салу мәселесі қаралып жатыр ма?» деген сұрақ қойылды.

Бұған дейін қоғам белсенділері Үкіметте жеке тұлғалардың қаражат жинауына тыйым салу мәселесі қарастырылып жатқанын хабарлаған еді. Осы мәселені қарау үшін Мәдениет және ақпарат министрлігі жанынан жұмыс тобы құрылған.

"Мәселе талқыланып жатыр, жұмыс тобы құрылды. Нақты шешімдер әлі жоқ. Өйткені біз ұсыныстар жинаймыз, сарапшылардың пікірлерін зерттейміз. Мұндай бастамалар жай ғана қабылдана салмайды. Қайырымдылық үшін қаражат жинауды жеке бас пайдасына пайдалану және алаяқтық жағдайлары бар болғандықтан, біз қайырымдылық көмек тетігін жетілдіру мәселесін қарастырып жатырмыз, - деп жауап берді Аида Балаева.

Сондай-ақ ол халықтың мүддесіне қатысты мәселенің бәрін бір министрліктің қабырғасында шешуге болмайтынын түсіндірді.

«Тиісінше мұның барлығы азаматтық қоғам институттарының қатысуымен талқыланады, БАҚ өкілдері де тыс қалмайды. Сіздер де өз ұсыныстарыңызды білдіре аласыздар. Министрлік жанынан жұмыс тобы құрылды. Бұл жұмыс тобы барлық түйткілді мәселені, оның оң жақтарын зерттеп, сараптайды. Сондықтан халқымызға зиянын тигізетін шешімдер қабылданбайды. Бұған жауапкершілікпен сендіре аламын. Десе де мәселе талқылау сатысында, нәтижесін күтейік, - деді министр.

Одан бөлек, Аида Балаеваға «Жұмыс тобы адамға «жай түскен» мобильді аударымдарды қайырымдылық мақсатында картаға аударылған қаражаттан қалай ажырататынын ойластырды ма?» деген сұрақ қойылды.

"Әрине, қабылданатын кез келген шешім жан-жақты және практикалық тұрғыдан қарастырылуы керек. Сондықтан бұл мәселелер талқыланады, - деп жауап берді ол.