Жоғарғы сот кейбір қазақстандықтардың несиесін кешіруді ұсынды
Банктер мен микроқаржы ұйымдарының әрекеттеріне қарсы шығуға болады
Жоғарғы соттың халықаралық кеңесі банктер мен микронесиелік ұйымдарға интернет алаяқтарға алданғандардың несиелерін есептен шығару туралы ұсыныс жасады.
Бұл ретте Жоғарғы соттың халықаралық кеңесінің отырысында сот процестеріне жасанды интеллектіні енгізу және интернет алаяқтардан зардап шеккендердің мүддесін қорғау мәселелері талқыланды.
Несиенің клиенттің қатысуынсыз, алаяқтық жолмен берілгені сот актісімен анықталған кезде несиелік ұйымдардың қарызды есептен шығару бойынша заңды түрде бекітілген міндеттемесі жағдайды түбегейлі өзгертеді. Бұл норма несиелік ұйымдарды несиелердің қауіпсіздік шараларын сақтай отырып берілуін қамтамасыз етуге ынталандыруға тиіс, – деп мәлімдеді Жоғарғы сот.
Сондай-ақ судьялар интернет-алаяқтыққа қатысты қылмыстардың күрт өскенін атап өтті. 2023 жылы қылмыс саны 2022 жылмен салыстырғанда 270% артқан. Қазақстандықтар қылмыскерлердің қысымымен несие алып, кейде мүлкін сатып жібереді. Осылайша, алаяқтардың құрбаны болады.
Енді жәбірленушілер алаяқтарға ақшаны қолма-қол ауыстыруға көмектесетін «дропперлерден», яғни шоттарына ақша түскен адамдардан қаржыны өндіріп алу мақсатында сотқа жүгінуге тиіс. Сондай-ақ банктер мен микроқаржы ұйымдарының әрекеттеріне қарсы шығып, даулай алады.
Сонымен қатар Жоғарғы сот алаяқтық жолмен алынған қаражатты қайтару тәжірибесін енгізді.