Жемқорлардан тәркіленген ең қымбат сағаттар мен зергерлік бұйым аталды (ФОТО)
Балансқа тіркелген 254 активтің 196-сы – зергерлік бұйымдар
«Қайтарылған активтерді басқару компаниясы» ең қымбат 5 аксессуар мен зергерлік бұйымды атады. Бай қазақстандықтар мемлекетке қайтарған 4 сағаттың құны – 283 миллион теңге, деп хабарлады Кursiv.media.
Компания мәліметінше, балансқа 254 актив тіркелген. Олардың 196-сы – зергерлік бұйымдар. Құн салығын қоспағанда, бағасы 98 миллион теңге. Соның ішінде ең қымбат жинақтың құны – 85 миллион теңге. Бұйымдар аукционға қойылып, олардың сатудан түскен қаражаты әлеуметтік жобаларға арналған арнайы мемлекеттік қорға аударылады. Алайда әлі күнге дейін осы бұйымдар бойынша аукцион өткізілген жоқ. Себебі қатысушылар болмаған.
Ulysse Nardin Classic 789-80 сағатының құны – 214,4 миллион теңге.
Бұл швейцариялық сағаттар лимиттелген сериямен шығарылған. Жалпы саны – 30 дана. Сағаттың циферблаты авантюрин мен 18 караттық алтыннан қолдан жасалған фигуралармен безендірілген. Сағаттың корпусы платинадан, ал білезігі аллигатор терісінен жасалған. Бұл сағаттардың ерекшелігі – жакемаралар қозғалысы Вестминстердің қоңырау соғу үнімен синхрондалған, ол төрт гонгпен шығарылады. Әрқайсысының тональдығы әртүрлі.
85 миллион теңгеге бағаланған зергерлік бұйымдар жинағы.
Платинадан жасалған зергерлік бұйымдар, үлкен бриллианттармен, екі сырға, жіптегі кулон және екі сақинадан тұратын жинақ.
29,2 миллион теңгеге бағаланған Franck Muller Geneve сағаты.
Сағаттың корпусы 18 караттық қызғылт алтыннан жасалған, сапфирлі әйнегі бар. Циферблат рубиндермен, сапфирлермен және цавориттермен безендірілген. Ал сағаттың көрсеткіштері рубиндерден жасалған.
29 миллион теңгеге бағаланған Ulysse Nardin Archive Freak Cruiser сағаты.
Сағат 18 караттық ақ алтыннан жасалып, бауындағы аллигатор терісі алтын қосымша бөлшектермен безендірілген. 30 метр тереңдіктен су өткізбейді. Басылым мәлімдегендей, бұл сағаттың корпусында сызат бар.
10,4 миллион теңгеге бағаланған Breguet 882U №3271 сағаты.
Алтын сағаттар сапфирлі әйнектен жасалған. Корпус пен бауында аздаған зақымдар бар.
Алайда компания ең қымбат 5 аксессуар мен зергерлік бұйымның бұрынғы иелерінің атын атамады. Олар бұл шешімді «Мемлекетке заңсыз сатып алынған активтерді қайтару туралы» заңына және премьер-министрдің бұйрығымен бекітілген ережелерге сәйкес қабылдаған. Компания заң бойынша қайтарылған активтер туралы мәліметтердің сақталуын және құпиялылығын қамтамасыз етуге міндетті.