Банктер шәкіртақы алатын студенттерге несие рәсімдей береді
Тексеру кезінде табысы қарызын жабуға жетпейтін азаматтарға банктің қалай несие ресімдейтіні түсініксіз
Елдегі 500 мыңға жуық студенттің несиесі бар. Оның 47 мыңы – проблемалық несие. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметінше, бұл тізім ұзарып келеді.
Енді оқуын бітірмей жатып, қарызға батқан жастардың санын азайту үшін оларға несие беру тәртібі өзгермек. Өйткені қазір кей банк 18 жасқа толғандарға жұмысы жоқ болса да тұтынушылық несие беріп келген.
Ал жұмысы жоқ студенттер үшін төлеу мерзімі өтіп кеткен берешектерді реттеу тетіктері бар. Ол үшін студенттер банктерге немесе микроқаржы ұйымдарына арыз жазуы керек. Сонда оларға жаңа төлем кестесі жасалады.
Сарапшылар болса, мәселені шешу үшін несие беру жасын шектеуді ұсынып отыр.
Жастарға несие беруді шектеу туралы депуттар да айтқан. Бірақ Қаржы нарығын реттеу агенттігінің басшысы «Несие алу – әр адамның конституциялық құқығы» деп отыр. Сондықтан студенттер үшін тек табыс жағынан шектеу болады. Оның өзінде шәкіртақылары ресми кіріс болып қала береді.