Петропавлдық өнертапқыш электронды домбыра жасап шығарды

Петропавлдық өнертапқыш электронды домбыра жасап шығарды видеодан скриншот
bai-bol.kz bai-bol.kz | 3 қараша, 2024

Мұндай дыбыстық генератор әлемде жоқ, - дейді өнертапқыш

Петропавл қаласының тұрғыны Болат Қанафин заманауи домбыраның электронды түрін жасап шығарды. Ол өз туындысын «миди домбыра-синтезатор» деп атады. Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлады.

Бұрын музыкадан сабақ берген ұстаз бұл аспапты жасауға 5 жыл уақытын сарп еткен. Ал өз идеясын былтыр патенттеп алған.

Аспапта шек тек домбыра әуенін ғана емес, сонымен қатар, мандалин, аргана, кларнет, скрипка, гитара сияқты өзге де аспаптардың үнін береді. Барлық аспапты электрлі бір жүйеде жасауды ол 12 жасынан бері армандаған.

Ең алғаш синтезаторды көргенде маған ол аспаптың дыбысы қатты ұнады. Кейін анамнан фартепианода ойнап үйрену үшін мені музыкалық мектепке апаруын өтіндім. Алайда ол кезде музыкалық мектеп анама «ұлыңыздың саусақтары тым қысқа, ойнай алмайды» деп мені қабылдамады. Сол кезде анам мені жұбатып «домбыраны үйрен» деген еді. Дәл сол кезде менің ойыма синтезатор сияқты дыбыс беретін функцияны домбыраға орнату туралы идея келген, – дейді Болат Қанафин.

видеодан скриншот

Өнертапқыш аспапқа эксперимент жасауда бауырымен бірге біраз жыл бойы еңбектенген. Нәтижесінде олар оншақты арнайы эффектілері бар домбыраның 3 түрін жасап шығарды. Мұнда тіпті радио да жұмыс істейді.

Автордың айтуынша, төртінші модель алдыңғыларынан да керемет болады. Батырмалар орнында сенсорлы экран орналастырылады.

Алдыңғысында 44 функцияны орындайтын 16 генератор болған. Ал мұнда 32 дыбыс генераторы 120 функцияны іске асыра алады. Домбыра оркестрі үшін бұл супер домбыра болмақ. Менің басты мақсатым – домбыра аспабының дыбысын жақсы шығару. Мұндай дыбыстық генератор әлемде жоқ, – дейді өнертапқыш.

Болат Канафиннің өмірі музыкамен тікелей байланысты. Ол 50 шақты композиция жазған.