IT-мамандардың орташа жалақысы – 600 мың теңге
2023 жылы Қазақстанның IT саласы қарқынды дамыған
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев Қазақстанда IT-мамандардың орташа жалақысы қанша теңге екенін мәлім етті, деп хабарлады Halyq Uni.
Оның айтуынша, 2023 жылы Қазақстанның IT саласы қарқынды дамыған. Салада жұмыс істегісі келетіндердің саны да көп.
IT-компаниялардың саны 17 922-ге жетті. Бұл – 2022 жылмен салыстырғанда, 11%-ға көп. Бұл секторға деген қызығушылықтың артқанын және оның белсенді дамып жатқанын көрсетеді. IT-мамандардың орташа айлық жалақысы – шамамен 600 мың теңге. Бұл – былтырғымен салыстырғанда, 35% артық, - деді Жаслан Мәдиев.
Министрдің пікірінше, бұл көрсеткіш – білікті кадрларға сұраныстың жоғары екенінің де айғағы.
IT саласында жұмыспен қамту 12% артып, 187 мың адамға жетті. Жұмыспен қамтылғандар санының өсуі саланың дамуына және жаңа жұмыс орындарының ашылуына жол ашады, - деді ол.
Айта кетсек, бұған дейін Мәжіліс депутаты Айдарбек Қожаназаров қазақстандықтардың орташа жалақысы 150 мың теңгеден аспайтынын айтқан еді.