Келесі жылы онлайн шағын несие алудың шарттары күшейеді

Келесі жылы онлайн шағын несие алудың шарттары күшейеді bai-bol.kz
bai-bol.kz bai-bol.kz | 1 қараша, 2024

Несие алушы өз атынан иемденген алаяқтардың қарызын да жоя алады

2025 жылдан бастап елімізде онлайн шағын несие рәсімдеу шарттары күшейтіледі. Енді несие алушыдан биометриялық тексеріс пен электронды цифрлық қолтаңба талап етіледі. Сондай-ақ құпия сөзді енгізу жүйесі де қатаңдатылмақ. 

Қазір халықтың артық қаражаты банктегі есепшотта. Соңғы жылдары сол қаржыны көздеген алаяқтар иемденіп кетіп жатыр. Оған қоса, несие алдырып, тұрғындарды сан соқтырған жағдайлар аз емес. Сол себепті Мәжіліс депутаттары онлайн несие беру тәртібін қарастыруды бір емес, бірнеше рет көтерді.

Біз барлығына рұқсат беріп қойғанбыз, онлайн несие алуға. Бір жыл болды, біздің айтып келе жатқанымызға. Халық өзі қорғана алмайды. Әр банкте қаншама заңгерлер бар. Сотқа барады. Соттың барлығы банкке шешіп береді. Ресейді қараңыздар, 30-40% жағдайда тұтынушылардың құқығын қорғап, банктің өзін мәжбүрлейді. Бізде 100% тұтынушылар ұтылады, - деді депутат Мұрат Әбенов.

Енді тұтынушы үш факторлы тексеруден өтеді. Банктер төлемдер мен аударымдарды іске асыруда клиенттің мобильді нөміріне тексеру кодын жібереді.

Онлайн микроқарыздарды ресімдеу кезінде 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап биометриялық сәйкестендіруді, сол сияқты электронды цифрлық қолтаңбаны да бір мезгілде міндетті түрде қолдану талабы енгізіледі. Сондай-ақ микроқаржы ұйымдары үшін клиент ақша аударғанға дейін оған банктік шоттың немесе төлем картасының тиесілілігін сәйкестендіру талап етіледі, - деді Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов.

Сондай-ақ онлайн несие алуда «шешімді өзгерту» кезеңі де қарастырылады. Бұл тұтынушыға қажет жағдайда өз келісімінен бас тартуға мүмкіндік береді. Яғни, несие алушы өз атынан қаржы иемденген алаяқтардың қарызын да жоя алады.

Қазір микрокредиттік ұйымдар екінші деңгейлі банктердің талабы бойынша жұмыс істеп отыр. Онлайн шағын несие беру ұйымдарының да болғаны жақсы. Қазір онда несие төлемін кешіктіру көрсеткіші азайған. Яғни, халық бұл ұйымдардан алған қарызын дер кезінде жауып отыр. Мұндай ұйымдар тек біздің елде емес, дамыған мемлекеттерде де бар. Тек оны тұтынушылардың дұрыс пайдалана білуі қажет, - дейді экономист Расул Рысмамбетов.

Қысқасы, несие алудың талаптарын қиындату – халық игілігі үшін жасалып жатқан әрекет. Бұл азаматтардың ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.