«1 млрд теңгеден аса қаражат сұраған»: заңгер спорт басқармасының басшысына шүйлікті
Осындай сомалардың бір көзден берілгені қаншалықты заңды?
Белгілі заңгер Айгүл Орынбек Шымкент қаласы әкімдігі спорт басқармасының басшысы Маратбек Мықтыбековке шүйлікті. Айтуынша, ол «Ордабасы» командасының легионерлеріне гонорарға деп 1 миллиардттан аса қаражат сұраған.
Ол осынша қаржы бөлуді жылдың аяқталуына 2 ай қалғанда сұраған. Заңгер басқарма басшысының бұл әрекетіне таңғалып отыр.
«Сырттан келетін легионерлерге тоқтау салынуға тиіс». Президентіміз осылай тапсырма берген еді, алайда Шымкент қаласы әкімдігі спорт басқармасының басшысы Маратбек Мықтыбеков 7 қазанда мәслихат депутаттарының алдында «Ордабасы» командасының легионерлеріне гонорарға» деп 1 миллиардттан аса қаражат сұраған. Спорт басқармасының сатып алу порталында қыркүйек айында 893 млн теңге қаражатқа бір көзден мемлекеттік сатып алу жарияланып, қорытынды шыққан. Одан бөлек, жыл соңына екі ай қалғанда тағы 1 млрд теңгеден аса қаражатты не мақсатта сұрап отырсыз, Маратбек мырза? Осындай сомалардың бір көзден берілгені қаншалықты заңды? - деп жазды Айгүл Орынбек Facebook-тегі парақшасына.
Осы орайда ол Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосыновтан Шымкент қаласына назар аударуды сұрады.
Жыл басында «Ордабасыға» бөлінген 5 млрд нелеріңе жетпей жатыр, Шымкент қаласының әкімдігі? Оның барлығы қайда кетіп жатыр? Мәслихат депутаттары ақша сұраса, неге бере бересіздер? ҚР Бас прокуратурасы, президенттің тапсырмасын орындамайтын басшыларды тергеп-тексеруді сұраймын. Министр Ербол Мырзабосынов, Сіздің спорт саласын тазалауға келгеніңізді білемін. Біздің Шымкент қаласына көңіл бөлуіңізді сұраймын. Былтырдан бері дәл осы спорт басқармасының жыл бітуіне екі ай қалғанда үлкен сомаларды футболшыларға бөлетіні өте күдік тудырады, - деді заңгер.
Оның айтуынша, 2023 жылдың аяқталуына 2 ай қалғанда бөлінген 500 миллион теңге, биыл да жылдың аяқталуына 2 ай қалғанда бөлінген 1 миллиард теңге мәселесін Бас прокуратура мен ҰҚК тексермесе болмайды.