Онлайн тауар сататындар тексеріледі
Онлайн алған тауардың бәрі сапалы болып келмейді
Енді интернеттен алған тауарыңыз қолыңызға тимеуі мүмкін. Өйткені онлайн саудаға толық тыйым салынады. Сөредегі заттың лицензиясы болмаса, саудалауға жарамайды. Оны ескермесе, қылмыстық жауапкершілікке тарту көзделген. TikTok-ты базарға айналдырып, бизнестің дәмін енді татқандар енді не істейді? Ол туралы толығырақ «Астана» телеарнасы хабарлады.
Бұрын базарға барсаң, ығы-жығы халықтан аяқ алып жүргісіз болатын. Ал қазір сол сауда орындарынан тұрғындарды кездестіру қиын. Өйткені көбі онлайн сауданы таңдайды. Барлық жерге тапсырыс тегін.
Қазір әлеуметтік желіні сауда орнына айналдырғандар көп. Кәдімгі базар дерсің. Не жоқ десеңізші?! Азық-түлік, киім-кешектен бастап, күнделікті тұтынатын жиһаз, техника... Қысқасы, нені қаласаңыз, соның бәрін тауып береді. Қала не ауыл деп бөлмейді. Сайда болсаң да, айда болсаң да жеткізеді. Тұрғындарға онлайн сауда сонысымен ыңғайлы.
Тұрғындар тауардың ыңғайынан бөлек, арзандығына қызығады. Базардан айырмашылығы жер мен көктей дейді. Онысына талас жоқ. 15 жылдан бері ыстық пен аязға қарамай, базардан берекесін тауып отырған Жанар да бұл пікірмен келіседі. Онлайн саудагерлер жалға алатын орын, коммуналдық төлем деп бас қатырмайды. Сол үшін теңгеде айырмашылық бар.
Ал Айгүл Үкібасова – онлайн сауда жасаудың әдіс-тәсілін үйретіп жүрген маман. Декреттік демалыстағы ана шетелдегі сауда компанияларымен байланысып, желі арқылы киімдерді елге алдырта бастаған.
Алайда онлайн алған тауардың бәрі сапалы болып келмейді. Тіпті, сан соқтырып кететін алаяқтар да бар. Оларды «өзің білге» салуға болмайды, тәртіп керек. Биыл электронды сауданы реттейтін екі заң қабылданады деген жоспар бар. Біріншісі Цифрлық кодекс, екіншісі Тұтынушы құқығын қорғау туралы заңға өзгерістер. Екеуі де әзірге Мәжіліс қарауында. Оған дейін алданғандардың не істеуі керек?
Ал енді лицензиясыз сатылмайды дегенге келсек, онлайн платформаларда суық қару, яғни мылтық, пышақ, оқ-дәрі, газ баллоны сияқты заттарды саудалауға толық тыйым салынған. Рұқсат қағазы болмаса, дәрі-дәрмек, ойыншық пен үйге қажетті техникалық жабдықтарды да жарнамалауға болмайды.