Менің үйімде бірде-бір отандық техника жоқ - министр
Елде өндірілетін қарапайым тұрмыстық техниканы дүкен сөрелерінен кездестірмейміз
Елде кір жуғыш машина, теледидар мен шаңсорғыш шығарылады. Бірақ олардың қайда сатылатыны белгісіз. Салаға жауапты деген Өнеркәсіп және құрылыс министрінің өзі қайдан алуға болатынын айта алмады. Алуға кеңес бергенімен, сапасына сенбей ме, өзі де тұтынбайды екен, деп хабарлады «Астана» телеарнасы.
Министрдің дегенін тыңдап, отандық өнімді қолдайын десең, дүкен сөрелерінен таппай қиналасың. Тұрғындар бірде-бір рет елден шыққан тоңазытқыш көрген емеспіз дейді. Сонда өнеркәсіп басшысы кімді алдап отыр?
Бүгінде әлі отандық өнімге бүйрегіміз бұрмай тұр. Елден шыққан десе, күдікпен қарайтынымыз жасырын емес. Десе де отандық көлікке сұраныс бар дейді мамандар. 9 айдың ішінде 82 мыңнан аса жеңіл автокөлік шығарылған. Комбайн мен тракторлардың саны 5 мыңға жетіпті. Көрсеткішті 2 есе өсіруге ниет бар. Ол үшін құны 150-200 млн доллар болатын жаңа зауыттардың құрылысы басталған.
Алайда қағазға жазылған есепті оқып, жетістік бар деп мәз болу оңай. Отандық өнім деген аты ғана сияқты. Затына үңілсең, елде құрастырылған көліктердің темірі Қытайдан келеді. Шикізатты өзімізден қашан шығаратынымыз белгісіз. Бірақ соған қарамастан Қазақстан машина жасау өнімінің экспортын арттыруды көздеп отыр.
Машинаны былай қойғанда, елде өндірілетін қарапайым тұрмыстық техниканы табу мұң. Дүкен сөрелерінен кездестірмейміз. Бірақ министрлік тоңазытқышы бар, шаңсорғышы бар, тіпті, теледидарды да шығарамыз деп есеп берді. «Оларды қайдан табамыз?» деген сұраққа аузына құм құйылғандай, анығын айта алмады.
Ал елдегі ауыл шаруашылығы техникаларының 76 пайызы тозған. Оны кеше Үкімет басшының өзі айтты. Сондықтан ол қоластындағыларға жұмыс қарқынын арттырып, дайын өнімдер мен қосалқы бөлшектер шығаратын жаңа жобаларды іске қосуды тапсырды.
Биыл ауыл шаруашылығы техникасы өндірісінің жылдық көлемі 263 млрд теңге болды. Енді оны 300 млрд теңгеге жеткізу көзделіп отыр.