Өзіміздің өнім

Бектенов қазақстандықтарды отандық көліктерді сатып алуға шақырды

Жаңа машиналарды сатудың жалпы көлеміндегі отандық автокөлік үлесі 63%-ға жетті

Қазақстанда машина жасау өнімдерінің нарығы 31,6 млрд долларға бағаланады. Оның шамамен 16%-ы отандық өндірістің үлесіне тиесілі. Үкімет басшысы еліміздің аккумуляторлар, трансформаторлар, кабелдер, локомотивтер, автокөліктер мен автобустар экспорттайтынын еске салды.

Енді ЕАЭО нарығында қазақстандық өнімнің үлесін арттыру қажет. Сондай-ақ Олжас Бектенов экономикалық патриотизм басты қағидатқа айналуға тиіс екенін баса айтты.

Сонымен қатар ол заманауи цифрлық және өнеркәсіптік технологияларды енгізудің, өндірістік үдерістерді роботтандыру мен автоматтандырудың маңызды екенін айтты.

Қазақстан автокөлік одағының президенті Анар Мақашева Үкімет отырысында машина жасау саласындағы қазіргі ахуалды баяндады. Мысалы, жалпы машина жасау саласындағы автокөлік жасау үлесі 39,4%-ға тең. Ал есепті кезеңде жаңа машиналарды сатудың жалпы көлеміндегі отандық автокөліктердің үлесі 63%-ға жетті.

Биыл жал қорытындысы бойынша Қазақстанда 130 мыңнан аса жеңіл автокөліктер мен коммерциялық техника шығарылады деген жоспар бар.